10:12, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Облыс әкімінің бірінші орынбасары мен облыстық басқармалар басшылары екі аудан жұртшылығымен жүздесті
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоңғаров облыстың Жаңақорған және Шиелі аудандарында болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жаңақорған ауданында болған басқосуда алдымен аудан әкімі Бекмырза Еламанов өңір дамуының барысы туралы хабарлама жасады. - Қаржы дағдарысының шарпуына қарамастан, халық көп тұтынатын тауарлардың бағасы реттелуде. Бұл орайда жаңақорғандықтардың да өзіндік ізденіс, жетістіктері бар, ? деді ол сөз басында. ? Ауданда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салалары дамып, шағын және орта кәсіпкерлікті өрістетуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда.Аудан басшысы білім беру және денсаулық саласындағы оң өзгерістерді де тілге тиек етті. Өткен жылдың өзінде ауданда 3 мектеп, 1 балабақшаның құрылысы басталса, биыл 4 мектеп пен тынығу лагері салынатын болады. Сонымен қатар кент ішінен 190 орындық аурухананың іске қосылуы тұрғындар үшін аса тиімді.Алғашқылардың бірі болып сөз алған облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Балжан Шәменова облыстың әлеуметтік-экономикалық межелерінің орындалу барысына шолу жасай келе, ауданға қатысты бірқатар мәліметтер келтірді.Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Сапар Рахменшиев денсаулық саласы бойынша 5 бағытта қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ, облыстық табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Ибрагим Әбибуллаев, облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Руслан Шегай, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Ерлан Сұлтангереевтер өз салалары бойынша хабарламалар жасады. Облыстық статистика басқармасының бастығы Бақыт Сапар алда келе жатқан Ұлттық халық санағына тоқталды. Жиын барысында аудан тұрғындары өздерінің ұсыныс-тілектерін жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Махметжан Сапарбаев жұмыс тобына ризашылығын жеткізіп, шешімін таппаған бірқатар мәселелерге тоқталды. Мәселен, ауданда 17 дәріхана сауда жасайды. Ондағы дәрі-дәрмектің сапасына кепілдік жоқ. Сондай-ақ, ол ауыр науқастарға арнайы берілетін дәрілердің жеткізілуі бір жолға қойылса, деген тілегін жеткізді. Тұрғындар кент ішіндегі таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары кешеуілдеп жатқанын тілге тиек етті.Кездесуді облыс әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоңғаров қорытындылап, айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерілетіндігін, алдағы уақытта да әлеуметтік салаға барынша көңіл бөлінетінін жеткізді.Осы күні М.Алдоңғаровтың қатысуымен аудандық салық комитетінің ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталығы жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Сонымен бірге жаңақорғандықтар көптен күткен жаңалықтың куәсі болды. Ол құрылысы 2005 жылы басталып, сапалы аяқталған 190 орындық аурухана ғимаратының пайдалануға берілуі еді.Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоңғаров бастаған жұмыс тобының сапары осы күні түстен кейін Шиелі ауданында жалғасты.Сәрсенбінің сәтіне қарай мұнда жаңа мектептің лентасы қиылды. Кент орталығында 640 орындық №244 Ыбырай Жақаев атындағы орта мектеп ашылды. Мемлекет басшысының "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасына сай жүзеге асырылған керемет ғимараттың қуанышы шәкірттер мен ата-аналардың жүзін нұрландырып тұрды. Оның ашылу салтанатында Мадияр Алдиярұлы:? Жаңа ғимарат жаңа жылдың салтанатын сездіргендей. Мектеп құрылысына бюджеттен 704 млн. теңге жұмсалды. Осындай игілікті істер жалғаса түсуі тиіс. Облыс басшысы Елбасы тапсырмасына орай білім, денсаулық саласына аса мән беріп отыр. Мұның нәтижелі жүргізілетіндігіне сенеміз, ? деді. Осы жиында сөз алған ардагер-ұстаз Жақсылық Айдарәліұлы тұрғындар атынан басшыларға алғыс сезімін білдірді. Биыл осындай мектептер Ортақшыл және Жиделіарық ауылдарында пайдалануға берілсе, 2 балалар бақшасы салыну үстінде. Осы күні Шиелі ауданы бойынша салық комитетінің Ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталығының жаңа ғимараты пайдалануға берілді.Жұмыс тобының аудан орталығындағы мәдениет үйіндегі тұрғындармен кездесуде аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде қол жеткізілген жетістіктер жөнінде хабарлама жасады. Аудан бюджетінің 2008 жылғы кірістері 3,3 млрд. теңгеге жоспарланса, нақтысы 3,4 млрд. теңгеге орындалды. Есепті кезеңде ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 11 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда 126 пайыз өсімді құрады. Жаңадан 630 жұмыс орны ашылды, деді ол. Аудан әкімінің, жұмыс тобы өкілдерінің хабарламаларынан соң тұрғындар өз ұсыныстарын ортаға салды. Аудан жұртшылығымен кездесуді облыс әкімінің бірінші орынбасары Мадияр Алдоңғаров қорытты.