18:18, 28 Қараша 2011 | GMT +5
Облыс басшысы өңір күндерінің Астанада сәтті өтуі үшін белсенділік танытқандарға алғыс айтты
АЛ. 28 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Осыдан бір ай бұрын ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Астанада БҚО күндері өткен еді. Бүгін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов осы шарада белсенділік көрсеткен батысқазақстандықтарға алғыс жариялады.

-Астаналық ағайындар біздің азық-түліктеріміздің сапасына, олардың көңілге қонымды бағасына риза болды. Әсіресе, балық өнімдеріне деген сұраныстың өте жоғары болғанын көрдік. Республика көлемінде тамақ өнімдерінің бағасы бойынша біз Қостанай облысынан кейін екінші орында келе жатырмыз. Жалпы, облысымызда азық-түлік қауіпсіздігі жақсы жолға қойылған.
Өнерпаздарымыздың еңбектерін де ерекше атап өткім келеді. Үш облыстың мәдениет күндері қорытындыланған гала-концертте 19 нөмірдің он үшінде батысқазақстандықтар сахнаға шықты. Концертіміз залда ине шаншар орын болмай, орысша айтқанда аншлагпен өтті. Осы шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық жерлесіме алғыс айтамын, - деді Бақтықожа Салахатдинұлы.