Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Облыс басшысы шекаралық ауылдарда болды

ОРАЛ. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жұмыс сапарымен Тасқала мен Қазталов аудандарында болды.

Облыс басшысы шекаралық ауылдарда болды

Бұл жолы облыс басшысы Ресей Федерациясымен шекаралас ауылдық округтерді аралап шықты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, облыс басшысы Тасқала ауданы Мереке ауылдық округінде ең алдымен ауызсу беруге арналған екі ұңғымада болып, оның жұмысымен «Жайықгидрогеология» ЖШС директоры Бисен Даумов таныстырып шықты. Округ тұрғындарын сумен жабдықтауға арналған қазіргі қолданыстағы ұңғыма шекараны демаркациялау кезінде Ресей Федерациясының аумағында қалып қойған. Облыс әкімі жағдайды анықтап, болашақта сумен қамтуды қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.

Сапар барысында облыс басшысы Мереке ауылындағы орта мектеп, ауылдық дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі және кітапхана сияқты әлеуметтік сала нысандарын аралады. Облыс әкімі жұмыссыздықты, әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету, ауылдық кәсіпкерлікті дамыту, соғыс және тыл ардагерлеріне қолдау көрсету мәселелерімен танысты. Одан кейінгі әңгіме ауыл тұрғындарымен ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Ауданның ағымдағы жылғы 1-ші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы аудан әкімі Өтеміс Мырзағалиев баяндама жасады. Елбасының Жолдауын іске асыруда тасқалалықтар көптеген табыстарға қол жеткізген. Тұрғын үй құрылысына бөлінген 22 млн. теңге көлеміндегі бюджет қаражаты игерілуде. Жылыжай өз қызметін бастап, оның алғашқы өнімдері әлеуметтік мекемелерге жеткізіліп жатыр. 5 гектар аумақта тамшылата суару әдісі қолданылады.

Мереке ауылының тұрғындары алдында сөйлеген сөзінде облыс әкімі алдағы міндеттерге тоқталып, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.

Одан кейін облыс әкімі Саратов облысымен шекаралас жатқан Горький көліне барып, шекаралас облыстардың аумақтары үшін су шаруашылығындағы маңыздылығы зор бөгетпен танысты.

Қазталов ауданының Болашақ ауылдық округінде облыс басшысы былтыр күрделі жөндеуден өткен дәрігерлік амбулатория мен мәдениет үйінде болды. Бұл мақсаттарға облыстық бюджеттен 35,5 млн.теңге қаражат бөлініп, толықтай игерілген. Маусымның 1-іне қарай ауылда бұрын жеке меншікте болған 50 орынға арналған «Жұлдыз» балабақшасы ашылмақ.

Тұрғындармен кездесу барысында еңбек ардагері Мүтиғолла Халелов шалғайдағы ауылдың мәселелерін шешуге ықпал еткендігі үшін облыс әкіміне алғысын білдіріп, ауызсумен қамту және автокөлік қатынасы мәселелерін шешу қажеттілігі жөніндегі өз тілегін айтты. Облыс әкімі осы және өзге де сауалдарға жауап беріп, ауданның әлеуметтік сала мәселелерін шешу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, «Бизнестің жол картасы», бақша шаруашылығын дамыту үшін жағдайлар жасау жөнінде нақты тапсырмалар берді.