Облыстық кедендік бақылау департаментіне «Үздік қазақ тілі кабинеті» жүлдесі тапсырылды
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен жүзеге асырылған «Үздік қазақ тілі кабинеті» байқауында облыстық кедендік бақылау басқармасы бірінші орынға иелік етіп, оларға арнайы диплом табысталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ғосман Төлеғұлдың айтуынша, мемлекеттік мекемелер, ұйымдар, акционерлік қоғамдар мен кәсіпорындар арасындағы өңірлік байқауға аудандар мен қалалардан 16 команда қатысып, бақтарын сынаған көрінеді. Сайыс барысында байқалғаны - мемлекеттік тілді насихаттау мен тілді меңгеруге ықпалдасуға бағытталған шаралар ауқымы, кабинеттердің жарақталуы едәуір жақсара түскен. Интерактивті жарақтар, мол әдеби әдістемеліктер кеңінен қолданысқа енгізілген. Қазылар алқасының ұйғарымымен екінші орын облыстық телекоммуникация дирекциясына, үшінші жүлде Щучье ауданы «Бурабай курорты» вагон депосына табысталды. Сонымен бірге қазақ тілі кабинетін жарақтаудағы ізденістеріне орай Степногор қалалық телекоммуникация желісі, облыстық көлік бақылау басқармасы, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бағалы сыйлақтармен марапатталды.