Облыстық мәслихат сессиясында Орал қаласының бас жоспары талқыланды

Қаланың бас жоспарына түзетулер енгізу туралы мәселені талқылауға депутаттар белсене қатысты. Орал қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ғалым Орынғалиев қолданыстағы бас жоспардың 2002-2015 жылғы есептік мерзімге әзірленгенін, ол бойынша Орал қаласында 242,0 мың халық тұруы есептелгенін, алайда бүгінде облыс орталығы тұрғындарының саны ол межеден асып бара жатқандығын айтады. Жаңа жоба барлық қалалық және облыстық ұйымдармен келісілген, қоғамдық тыңдау өткізілген. Бас жоспарды Орал қалалық мәслихаты мақұлдап, Су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу жөніндегі Орал-Каспий бассейн инспекциясының келісімі алынған.
Айта кету керек, бас жоспардың жобасы депутаттар тарапынан мақұлданды. Депутат Амангелді Таспихов «Аталмыш жобаны мақұлдамасақ, қаламыздың дамуына тежегіш қойған болар едік. Алайда бұл әзірге жоба болғандықтан, кейбір өзгерістер мен толықтыруларды болашақта да енгізетін боламыз» деп ескертті. Депутат Аманжол Зинуллин әріптестері атынан бас жоспардың бірнеше кемшілігін атап айтты. Біріншіден, жоба жасаушылар Орал қаласы тұрғындарының нақты санын ескермеген. Яғни, жобада келешекте қала халқының саны 320 мыңға жететіні айтылады, ал Аманжол Зиноллаұлының айтуынша, қазірдің өзінде осынша халық облыс орталығында тұрып жатыр.
Бас жоспардың жобасында облыс орталығын Деркүл кенттік округіне қарай созып, айналма жол салу қарастырылған екен. Депутат А.Зинуллиннің айтуынша, бұл ауылшаруашылық тәжірибе стансасының жерін азайтып, жұмысын шектеуге әкеліп соқпақ. Депутат Әлібек Сәтбаев та стансаны сақтап қалу қажеттігін көтерді. Депутат Қатауолла Ашығалиев қаланың бас жоспары бұған дейін де бекітілгенімен, іс жүзінде ол сақталмайтынын айтты. Қатауолла Мерғалиұлының пікірінше, бас жоспардың сақталуын қадағалайтын тетік керек.
Орал қаласының бас жоспарына депутаттар тарапынан айтылған тағы бір ескерту - облыс орталығын бірнеше әкімшілік аумаққа бөлу және өндірістік аймақтарды қаланың әр бөлігіне шашырата орналастыру болды. Депутаттардың пікірінше, бірінші ұсыныс қала әкімдігінің қазіргі қауырт жұмысын жеңілдетсе, екінші ұсыныс қала тұрғындарының өзі тұратын жерден жұмыс тауып алуына ықпал жасамақ.