Облыстық прокуратура заңнамаға енгізілген өзгертулерден кейін 13 кәсіпкердің қылмыстық істерін қайта қарайды - Павлодар
ПАВЛОДАР. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Заңнамаға енгізілген өзгертулер ірі немесе аса ірі көлемде табыс табу мақсатында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін сотталған 13 кәсіпкерге қатысты қылмыстық істерді қайта қарауға негіз болды.
Облыстық прокуратурадан хабарлағандай, бұған дейін соттар заңсыз бизнес туралы істерді қандай да бір шегерілімдерсіз, табыстың барлық жиынтық есебінде қарастырған болатын.
2011 жылдың сәуірінен Жоғарғы соттың Нормативті қаулысына өзгерістер енгізілді, енді ҚР ҚК-нің 190-бабына сәйкес, табыс табу кезінде кетірген шығындар мен төлемдер шегерілетін болады.
Өткен жылдан бастап он мың айлық есептік көрсеткіштен асатын сома - ірі, ал жиырма АЕК-тен асатын сома - аса ірі табыс болып есептеледі.
Прокуратураның бастамасымен соттар 2005-2010 жылдар аралығында қылмыс жасағаны үшін ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша жауапкершілікке тартылған төрт азаматқа қатысты істерді, олардың әрекеттерінде қылмыс құрамының жоқ болуына байланысты тоқтатты.
Жаңадан ашылған жағдайларға байланысты бес қылмыстық іс алынған заңсыз түсімдердің көлемін анықтау мақсатында қаржы полициясының органдарына жіберілді. Қажетті тергеу амалдарынан кейін бұл істер бойынша олардың әрекеттерінде қылмыс құрамының бар-жоғы туралы мәселе шешілетін болады.