Облыстық сот мәртебесін кеңейтетін заң жобасын Үкімет бірауыздан мақұлдады

ТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Үкімет «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР-ның Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасын мақұлдады.

Облыстық сот мәртебесін кеңейтетін заң жобасын Үкімет бірауыздан мақұлдады

Аталған құжатты таныстырған ҚР Жоғарғы сотының судьясы Бекзат Бекназаровтың атап өтуінше, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР-ның Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасы Үкіметтің 2011 жылға арналған заң жобалау жоспарының 25 тармағына сәйкес әзірленіп, сот жүйесін одан әрі жетілдіруге, жергілікті соттардың рөлін көтеруге, судьялардың тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған.

Қазіргі таңда сот жүйесіне қатысты халықтың арасында әртүрлі ой-пікір қалыптасқанын атап өткен ол: «Сот жүйесі қазір өзгертуді қажет етеді. 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш буынды сот жүйесі енгізілген. Бұл жағынан келгенде Қазақстандағы сот жүйесінде әлемдегі алдыңғы мемлекеттердің қатарына сәйкес келетін, көпшіліктің көкейінен шығатын жүйе құрылған. Дегенмен, осы жүйенің кейбір тұстары әлі де болса пысықталып, қазіргі уақыт талабына сай сәйкестендіруді қажет етіп отыр», - деді.

Бұл заңды қабылдаудың негізгі мақсаты неде? Міне осы сауалға жан-жақты жауап беруге тырысқан Жоғары сот төрағасының пайымынша, сот шешімі тез әрі жылдам іске асуы тиіс. Сотқа келіп жүгінген әрбір азамат, заңды не болмаса жеке тұлға өз мәселесін тез арада шешіп, сот орындау қағазын алғаннан кейін орындау процесіне баруы керек. Ал қазіргі уақытта Жоғарғы сот құзіретінің шектен тыс кеңеюіне байланысты осы мәселенің арасы алшақтап кеткенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Қазір заңды күшіне енген сот шешімдері актілерінің заңдылығын тексеру тек қана Жоғарғы соттың құзіретіне берілген. «Бізде жылына миллионға жуық сот істері қаралады. Ал енді Жоғарғы сот осы істер бойынша, олардың заңды үкімінің күшіне енген сот шешімдерінің заңдылығын тексеруге барлық кезде үлгеріп отыр ма, оған даяр ма деген мәселеге келгенде уақыттың өзі бұл мәселеде жергілікті облыстық соттардың әлеуетін кеңейту мәселесін қарастырып отыр», - деді Б.Бекназаров.

Осы орайда Жоғарғы сот ұсынып отырған заң жобасында кез келген іс ең бірінші сатыда аудандық және оған теңестірілген соттарда қаралуы керек. Заңда белгіленген мерзім бойынша сот шешіміне наразы болған тұлға немесе тарап апелляциялық шағымын беруі қажет. Апелляциялық шағым қаралғаннан кейін сот актісі бірден күшіне енуі тиіс. Орындау қағазы жазылып, сот актісі орындалуға жіберілуі қажет. Ал егер апелляциядан кейін күшіне енген сот актісімен келіспейтін тараптар болатын болса, онда кассациялық сот алқасына, облыстық сотқа шағымдануы қажет. «Бұл мыңдаған азаматтардың, мыңдаған істердің әр облыс орталықтарынан бізге, Жоғарғы сотқа келуінің қажеттілігі жоқ екендігін көрсетеді. Облыстық соттар қазір кәсіптік деңгейі жоғары, барлық жағдайда істер бойынша дұрыс шешім қабылдайтын судьялармен қалыптастырылған. Сондықтан кассациялық сот алқасы 6 айлық мерзімнің ішінде заңды күшіне енген сот актілерін қарап, оның заңылығын тексеріп өз қаулысын қабылдайды», - деді ол.

Өз кезегінде Министрлер Кабинеті тарапынан бірауыздан қабылданған заң жобасына қатысты пікірін білдірген Үкімет басшысы К.Мәсімов: «Біз бұл мәселелерді жиналыстарда бірнеше мәрте талқыладық. Құқық қорғау органдары өкілдері тарапынан, Үкімет ішінде де көптеген дау-дамай болды. Меніңше, бұл жақсы төзімді құжат. Бұл сот жүйесі арқылы заң әділдігінің айтарлықтай сапалы болуына және біздің азаматтарымыздың, заңды тұлғаларымыздың құқықтарын өте жақсы қорғауға мүмкіндік беретініне үміт артамыз», - деді.