Облыстық жер қатынастары басқармасына жаңа басшы тағайындалды - БҚО
ОРАЛ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өкімімен Жеңіс Серікқалиев Батыс Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы лауазымына тағайындалды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов басқарма ұжымына жаңа басшыны таныстырды.
Жеңіс Серікқалиев 1978 жылы дүниеге келген, 2001 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін жерге орналастыру, инженер-жерге орналастырушы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1995 жылы Жалпақтал аудандық тұтынушылар одағында қойма меңгерушісі болып бастаған ол 2001-2008 жылдары жерге орналастыру және жер кадастры мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы Батыс Қазақстан облыстық еншілес кәсіпорнында жер жұмыстары бөлімінің инженер-жерге орналастырушы, Бөрлі аудандық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетінің бас маманы, Батыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасының жер телімдерін беру және қайтарып алу жөніндегі ұсыныстар дайындау бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы қызметтерін атқарды.
2008-2010 жылдары - Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының агроөнеркәсіптік кешен мәселелері жөніндегі бас инспекторы.
2010 жылдың қарашасынан осы кезге дейін Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары болды.