Оффшорлық юань бағымы құлдырап барады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы күрт шиеленіскен тұста, ресми Бейжіңнің ұлттық валютаға бақылауды босаңсытуы нәтижесінде оффшорлық юань бағамы тарихи төмен деңгейге құлдырады.

ақша
Фото: freepik

Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, 8 сәуір күні Нью-Йорк сауда сессиясында оффшорлық юань долларға шаққанда бір сәтке 0,9%-ға төмендеп, 1 АҚШ доллары 7,4141 юаньға бағаланған. Осылайша нақты айырбас бағамы бойынша рекордтық минимум жаңарды.

Сол күні Қытай Халық банкі юаньнің ресми орташа бағамын 1 АҚШ долларына 7,2038 юань деңгейінде белгіледі — бұл 2023 жылдың қыркүйегінен бергі ең әлсіз көрсеткіш.

Осылайша Трамп Ақ үйге қайта оралғаннан бері юаньнің ресми бағамы алғаш рет 7,20 деңгейінен төмендеп отыр. Ішкі нарықтағы юань бағамы да 2023 жылдың қыркүйегінен бергі ең төменгі көрсеткішті көрсетті.

- Біздің болжауымызша, алдағы уақытта юань бағамы жылдам құнсыздануға тиіс. Қытай билігі орташа бағам арқылы айырбас бағамына көбірек икемділік беруге ниетті екенін тұспалдап отыр, - дейді Wells Fargo банкі макростратегия және дамушы нарықтар бөлімінің директоры Аруп Чаттерджи.

Оның айтуынша, бұл бақылауда болатын үздіксіз құнсыздану үдерісі болмақ. Сөйтіп оффшорлық юань бағамы 1:7,50 немесе одан да төмен деңгейге дейін құлдыррауы мүмкін.

JPMorgan банкінің валюта нарығы бойынша талдаушысы Тиффани Ванның айтуынша, Қытай Халық банкінің келесі қорғанысты қай деңгейден құратыны әлі белгісіз. Бірақ, шек қалайда бұрынғысынан жоғары болады. Оның пікірінше, юань бағамы 7,40 деңгейіне дейін құлдырауы мүмкін.

Қытайдың Орталық банкі трансшекаралық операцияларда юань пайдалануды ынталандырады.

Соңғы жаңалықтар