ӨКМ Операторы басшылығы шенеуніктермен бірлесіп 180 млрд теңге жымқырмақ болған

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғалары және «ӨКМ Операторы» ЖШС басшылығы электр энергиясын өндіретін 6 қоқыс жағатын зауыт салу үшін жеке ұйымды заңсыз қаржыландыру жолымен кәдеге жарату алымдары түрінде жиналған 180 млрд теңгені ұрлауға ниеттенген. Бұл ретте электр энергиясын мемлекет 15 жыл ішінде негізсіз жоғары тариф бойынша сатып алуға және жеке компанияға миллиардтаған пайда әкелуге кепілдік беруі керек болған. Уақтылы қабылданған шаралар нәтижесінде аталған заңсыз әрекеттер әшкереленіп, ақшалай қаражат бұғатталды», - делінген хабарламада.
Экология вице-министрі мен «ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы басшылары қамауда. Кінәлілік туралы қорытынды шешімді сот анықтайды.
Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.
Еске салсақ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар экс-вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиевті екі айға қамауға алынды.11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуін тоқтату туралы тапсырма берді.