ОҚО: 9 айда ауыл шаруашылығы тауарлары өндірісі 221 млрд. теңгеге жетті
АСТАНА. 30 қазан. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы экономикадағы негізгі сала болып табылады. Өңірде ауыл шаруашылығы тауарлары өндірісі соңғы 9 айда 221 млрд. теңгеге жетті. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Тоқтала кететін жайт, Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығында жаппай инновациялық технологиялар мен инновациялық жаңалықтар енгізуді белсенді жүргізуде. «Айтар болсақ, республикадағы жылыжайлардың 87 пайызы облыс үлесінде, осының нәтижесінде 130 мың тонна көкөніс тауарлары өндірілген. Ал тамшылатып суаруда шетелдік технологиялар кеңінен қолданылып келеді. Аталмыш технология енгелі бері егістіктің көлемі 12 пайызға артып, 25,7 мың гектарға жеткен. Бұл республикалық көрсеткіштің 72% құрайды», - делінген баспасөз баянында.
Атап өтейік, өңірде ауыл шаруашылығы тауарлары өндірісінің ұлғаюымен бірге көкөніс қоймалары 5 есеге көбейіп, ондағы сақтау қуаты 180 мың тоннаға жеткізілген. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижелілігі мен облыс әкімдігінің жергілікті өндірушілердің тауарларын өткізу нарығын іздеу үшін шетел мемлекеттерімен жемісті өзара іс-қимылын білдіреді.