ОҚО-да 22 жаңа мектеп ашылды

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, ең көп мектеп Шымкентте ашылды. Мұнда салтанатты түрде 7 мектеп ашылды. Құны 552 млн теңге болатын заманауи мектеп Жұлдыз елді мекенінде ашылды. Мектеп барлық керекті жарақтармен: компьютерлермен, интерактивті тақталармен және зертхана қондырғысымен жабдықталған. Мұнда спортзал, асхана, кітапхана бар. Мерекелік шаралар өткізілетін акт залы да бар. Қазыбек би атындағы жаңартылған шымкенттік №36 мектеп те өз оқушыларын қарсы алды. Мұнда оқушылар 1961 жылдан білім алады, ал үш жыл бұрын ол апаттық жағдайда деп тіркелген.
"Біздің мектеп бір жарым жыл бойы салынды. Алайда біз нәтижеге ризамыз. Кабинеттер толық жарақтандырылды, спортзал, асхана, кітапхана, медициналық кабинет және акт залы бар. Мектеп 600 оқушыға шақталған. Биыл бізге 130 бірінші сынып оқушысы келді", - деді мектеп директоры Әниш Қамбарова. Жаңа мектептер Оңтүстік Қазақстан облысының өзге аудандарында да ашылды. Сарыағаш ауданында 6 мектеп, Бәйдібек, Ордабасы, Созақ, Түлкібас аудандарында екі мектептен ашылды. Кентау қаласында бір мектептің оқушылары мен мұғалімдері жаңа қонысын тойлады.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, биыл 100 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. 697 мектепте жоспарға сәйкес жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстық әкімдіктің ақпаратынша, биыл 104 білім беру нысаны салына бастады. Мектептерді салу жұмысының осылайша белсенді түрде жүруі үш ауысымда білім беретін 24 мектептер санын 21-ге дейін, апаттық жағдайдағы мектептер санын 46-дан 17-ге дейін азайтуға жол береді. Жалпы, өңірдегі үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасы 2016-2017 жылдары толығымен шешіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ биыл саманнан салынған мектептер саны азайтылды. Осылайша 35 саманнан салынған мектептің орнына типтік корпустар тұрғызылды.