ОҚО-да 400-ге жуық көшеге атау беріледі

Дөңгелек үстелде Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Бастар Есқараев Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ономастика мәселесіне кеңінен тоқталды.
«Тәуелсіздік жылдары сындарлы мемлекеттік саясаттың арқасында төл тарихымызды түлету, жұрт жадында ұмытыла бастаған тарихи атауларды қайта жаңғырту қолға алынды. Бұдан бұрын келісілгендей, бүкіл ел аумағында идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар өзгертілуі тиіс. Осы орайда әкімдіктер елді мекендерге, олардың құрамдас бөліктеріне, объектілерге атау беру, оларды қайта атау кезінде халық арасында дәйекті түсіндіру жұмысын жүргізуі қажет», - деді басқарма басшысы.
Бүгінде облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысына аудандар мен қалалардан түскен 27 ұсыныстың құжаттары ресімделуде. Бұдан бөлек, Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларындағы 400-ге жуық көшеге атау беру бойынша республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсыныстар дайындалуда.
Басқосуда жиналған мамандар атаулардың халық пікірімен сабақтастығы, көше атауларының маңыздылығы, тарихи атауларды ретке келтіру және рухани жаңғыру тақырыптарында өз ойларымен бөлісті. Ал, жергілікті әкімшілік-аумақтық бірліктер және олардың құрамдас бөліктерінің атауларына талдау жүргізіліп, атауы жоқ немесе атауы қайталанатын әрі идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи жер-су және ұлттық танымға жақсын атаулармен өзгерту жайы жан-жақты сөз болды.
Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы 15 аудан, қалада 185 ауылдық округ, 932 елді мекен және 11506 көше бар.