ОҚО-да 605 мың гектар жер өз мақсатына пайдаланылмаған
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ОҚО-да 605 мың гектар ауыл шаруашылығы жері өз мақсатына пайдаланылмаған.
Жерлерді түгендеу қорытындысы туралы брифинг барысында облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Созақбай Әбдіқұлов айтты. «Өз мақсатына пайдаланылмаған жерлердің 486,3 мың гектары арнайы жер қорына қайтарылды. Нәтижесінде біз 122 конкурс өткіздік, онда 2529 жеке және заңды тұлғалар жеңімпаз болып табылды, оларға 460,7 мың гектар жер бөлінді», - деді ол. С.Әбдіқұлов бөлінген жерлердің 316,7 мың гектарын ауыл шаруашылығын өндірушілер, тағы 144 мың гектарын заңды тұлғалар тауарлы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін алғанын түсіндірді. Бұл жерлердің жартысынан сәл аз бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұрын қолданылмаған екінші бөлігінің учаскелеріне иелері жедел түрде баспана тұрғыза бастады. Сонымен бірге, кәсіпкерлікпен айналысу үшін бөлінген жер учаскелері де табылды. Барлығы мұндай 561 учаске бар, олардың 43-і мемлекетке қайтарылды.