ОҚО-да алты айда 42 тәртiптiк iс қозғалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының мәжiлiс залында Әдеп жөнiндегi кеңес отырысы өттi. Қазығұрт ауданының әкiмi Т.Телғараев кеңес мүшелерiне аудан әкiмдiгiнiң жанынан құрылған тәртiптiк комиссияның жұмысына есеп бердi. Бұдан соң Әдеп жөнiндегi кеңестiң 2016 жылғы 30 маусымдағы шешiмдерiнiң орындалуы бойынша Әдеп жөнiндегi кеңес хатшылығының меңгерушiсi А.Есiмханов баяндама жасады, деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» басылымы.
- 2016 жылға дейiн бiздiң елiмiзде мемлекеттiк қызметшiлердiң Ар-намыс кодексi күшiнде болып, жұмыстар соған сәйкес жүргiзiлдi. Қазiргi уақытта бiз Әдеп кодексiне сәйкес мемлекеттiк қызметшiлердiң әдеп нормаларын, сонымен қатар жұмыс кезiндегi және жұмыстан тыс уақыттағы мiнез-құлықтарын реттейтiн, тәртiптiң сақталуын бақылайтын уәкiлеттi орган ретiнде жұмыс iстеудемiз. Жалпы, жыл басынан берi 42 тәртiптiк iс қозғап, сол бойынша 32 лауазымды тұлғаға тәртiптiк жауапкершiлiк көрiлдi, соның 9-ы Қазығұрт ауданына тиесiлi. Өз дәлелiн таппауына байланысты 10 тәртiптiк iс тоқтатылды, - дейдi А.Есiмханов.
Әдеп жөнiндегi кеңестiң күн тәртiбi бойынша Сарыағаш аудандық аумақтық инспекциясының басшысы О.Көкеевке қатысты тәртiптiк iс қаралды. Аудандағы әкiмшiлiкке қарасты ветеринария бөлiмi қызметкерлерi тарапынан түскен арызда О.Көкеевтiң мемлекеттiк қызметшi бола тұра өзiне жүктелген мiндеттердi дұрыс атқармай, әкiмшiлiк рәсiмдер туралы заң талабын бұзып, олардан жолданған хаттарды қабылдамайтынына қатысты шара көрудi сұраған. Тексерудiң нәтижесiнде фактiлер расталып, Әдеп жөнiндегi кеңестiң шешiмiмен инспекция басшысы О.Көкеевке қатаң сөгiс түрiндегi, ал, аумақтық инспекцияның бас маманы В.Панинге сөгiс түрiндегi тәртiптiк жаза қолдану ұсынылды.
Сондай-ақ, бұл күнi Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттiк кiрiстер басқармасының басшысы Р.Минаймбековтiң, аталған басқарма басшысының орынбасары Ғ.Ториевтiң тәртiптiк iстерi қаралды.
ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi министрлiгi ОҚО Әдеп жөнiндегi кеңесiнiң хатшылығына түскен облыстық мемлекеттiк кiрiстер департаментiнiң ұсыныс хаты негiзiнде мемлекеттiк кiрiстер басқармасының басшысы Р.Минаймбековке қатысты қызметтiк тексерiс жүргiзiлдi. Аталған басқарманың бөлiм басшысы Ж.Бейсенбаева өзiнiң төртiншi қызметтiк хатында бас маман Ш.Хұдайбергеновтiң Әдеп кодексiнiң талаптарын сақтамай, оның ар-намысы мен абыройына кiр келтiретiн дөрекi сөзбен балағаттағанын көрсеткен. Бөлiм басшысының қызметтiк хаты негiзiнде Тәртiптiк кеңес отырысында Ш.Хұдайбергеновтiң iс-әрекетiнде Әдеп кодексiнiң 8-тармағы 2-тармақшасына сәйкес тәртiптiк терiс қылық өз дәлелiн тауып, тәртiптiк жаза қолдану ұсынылғанымен, Р.Минаймбеков Ш.Хұдайбергеновке тәртiптiк жаза қолданбаған. Осыған орай Әдеп жөнiндегi кеңес отырысында Р.Минаймбековке қатаң ескерту берiлдi. Ал, басқарма басшысының орынбасары Ғ.Ториевтiң iс-әрекетiнде артықшылық белгiлерi байқалмады, себебi қызметтiк хаттың негiзiнде тәртiптiк комиссия отырысында қызметтiк тексерудiң қорытындысы бойынша шешiм қабылданған.