ОҚО-да ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемі 227 млрд. теңгені құрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 227 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 6 млрд. теңгеге артық, деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің ресми сайты өңірлік ауыл шаруашылық басқармасы басшысы Қанатбек Оспанбековтің сөзін келтіріп.
Ауылшаруашылық басқармасы басшысы өткен жылғымен салыстырғанда өңірдегі егістік алқап 16 мың гектарға артып, жалпы егістік аумағы 790 мың гектарды құрағандығын айтады. Сондай-ақ, егістік алқапты әртараптандыру жұмыстарының арқасында мал шаруашылығын дамыту үшін қажет жем-шөп егістігінің көлемі де арта түскен.
«Осылайша өткен жылғымен салыстырғанда жүгері егістігі 13 мың гектарға, жем-шөп егістігі 16 мың гектарға артса, тиісінше мақта шаруашылығы 10,4 мың гектарға азайды. Биыл көкөніс пен бау-бақша өнімдері және картоп 2,3 млн. теңгені құрап, өткен жылғымен салыстырғанда 250 мың тоннаға артты», - дейді Қ.Оспанбеков.
Сонымен қатар, облыс аумағында өнімді сақтау үшін 200 мың тонналық сыйымдылыққа ие көкеніс қоймасы жұмыс істеп тұр.
Жыл соңына дейін заманауи түрдегі көкөніс қоймасын сақтау жоспарланып отыр. Оның сыйымдылығы 10 мың тонна болмақ. Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында «2014-2016 жылдарға арналған ОҚО-да мал шаруашылығын дамыту шараларының жоспары» бойынша 4,4 млрд. теңгеге 1615 жоба қаржыландырылған.