ОҚО-да «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының қатысушыларына кәсіпорындар бойынша баспасөз туры ұйымдастырылды
ШЫМКЕНТ. 27 маусым. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның өңірлік бөлімшесі баспасөз турын ұйымдастырды.
Оның қатысушылары «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысатын кәсіпорындарды аралады. «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарушы директоры Қанат Сұлтанғазиев журналистермен бірге мемлекеттің қолдауына ие болған нысандарды аралап көрді.
Турдың қатысушылары аралаған нысандардың ішінде «Зерде» ғылыми-өндірістік бірлестік» ЖШС бар. «Оның жобасы 2011 жылдың маусым айында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты - «Жаңа бизнес бастамаларды қолдау» бойынша «Бизнес ОҚО» өңірлік үйлестіру кеңесімен мақұлданған. Бөлінген қаражат сауда-логистикалық орталықтың құрылысына жұмсалды», - деді қордың өңірлік бөлімшесінің директоры Самат Ақылбеков.