ОҚО-да екі балалы әйел бірде-бір құжатсыз өмір сүріп келген

Тумысынан жетімдіктің күйін кешкен ол, тіпті, мектепті де оқымай тастап кетіпті. Алғашқы сәбиі қойшының ауылында дүниеге келген. Ал, бұл жолы толғағы ауыр болып, амалсыз перзантханада босанған. Бірақ, дәрігерлер енді келіншекті үйіне жібере алмайтындарын айтып отыр.
Аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алған Аида Асанәлиева дүниеге келген ұлына Айбарыс деп ат қойыпты. Шекесі торсықтай балғын нағыз батырлар секілді, 5 келі болып туылыпты. Қазір денсаулығы жақсы. Бірақ, соған қарамастан дәрігерлер оларды үйлеріне қайтармай отыр.
«Шығайын десем бірде-бір құжатым жоқ. Ол құжатты істейтін де жағдайым жоқ. Күйеуім болса жалдамалы болып мал бағады әр жерде. Енді кішкентайларыма куәлік алмасам, алдында да қызым бар, оны үйде босанғанмын көршілерімнің көмегімен. Содан енді шығайын десем бір түйір құжатым жоқ», - дейді екі перзенттің анасы.
Ал облыстық перинатальдық орталықтың қызметкерлері болса, жағаларын ұстап отыр. Олар 25 жастағы келіншектің осы уақытқа дейін бірде-бір құжатсыз қалай өмір сүріп келгеніне аң-таң.
«Алдымен анасына туу туралы куәлік істеуіміз керек. Ал, ол куәлікті істеу үшін ол кім екенін бірінші дәлелдеу керек. Ол үшін көші-қон полициясына барып, сол кісінің кім екенін, қай уақыттан бері тұратынын, жаңағы көршілері болмаса танитын адамдар суретімен жабыстырып беру керек», - дейді АХАЖ бөлімінің бастығы Дина Ботан.
«Десе де, 1987 жылы туылған келіншектің осы уақытқа дейін неліктен адам санатына алынбай келгенін АХАЖ бөлімінің қызметкерлері де түсіндіріп бере алмады. Бірақ, құжатсыз жүргендердің талайын кездестірген мамандар дәл осындай оқиғаны алғаш көруіміз деп отыр.
Ақпарат көзі: «7-Арна» (Кенже Кәрібаева, Еркин Оразбаев)