ОҚО-да инвестицияға ерекше екпiн берілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көпшiлiк арасында әкiм сөзiндегi төрт әрiп «әдiлдiк, кiшiпейiлдiлiк, iскерлiк, мейiрiмдiлiк» атты төрт ұғымды бiлдiредi деген пiкiр бар. Билiк тiзгiнi сенiп тапсырылған лауазым иелерiнiң бойынан тап осындай тамаша қасиеттердi халықтың көргiсi келетiнi анық. Тек сол төрт талап үдесiнен түгел көрiнiп, абырой-беделге бөленiп жүрген әкiмдердi саусақпен санап отыратынымыз жасырын емес.
Елбасы былтыр тамыз айының басында облысқа жаңа әкiмдi тағайындағаны белгiлi. Мемлекет басшысы Бейбiт Атамқұловты таныстыра келiп, оның түрлi басқару салаларындағы жұмыс тәжiрибесiн, бiлiм мен бiлiк деңгейiнiң жоғарылығын атап, өңiрдiң алдына қойған мiндеттердi оның игере алатынына сенiм бiлдiрген болатын. Иә, жаңа басшыға қойылар талап та, айтылар сын да қашанда көп болары белгiлi. Мiне, арада бiр жылдай уақыт өте шығыпты... Сонымен Елбасы өзi сенiп тапсырған аймаққа жаңа әкiм қандай тың серпiн әкелiп үлгердi? Бұл турасында халық қалаулыларының пiкiрiн бiлген едiк.
Уәлихан ҚАЙНАЗАРОВ, Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты:
- Облысқа осыдан бiр жыл бұрын жаңа басшы болып есiмi көпшiлiкке таныс, бiрқатар шет мемлекеттерде елшiлiк қызмет атқарған, бiрнеше министрлiкте жауапты жұмыс сатыларынан өткен Бейбiт Атамқұлов келдi. Осы аралықтағы жұмыстарды ой сарабынан өткiзiп, өңiрдегi қолға алынған тiрлiктердi жүйелегенде бойымды бiр жылылық шарпып өтетiнi рас. Ол кiсi қызметке келгенде мен Сайрам ауданының әкiмi едiм. Үлкен жиындарда айтқанын тыңдап, жүзеге асырсам деген ниеттегi жоспарларымен таныстық. Ең алдымен, дамыған шет мемлекеттердiң экономикалық даму үрдiсiне қанық Бейбiт Бәкiрұлы өңiрге келген бетте инвестиция тарту мен ауыл шаруашылығын әртараптандыру iсiне баса мән бергенiн айрықша атап өткен ләзiм.
Бейбiт Бәкiрұлының дипломатиялық қарым-қатынастарды орнатудағы iскерлiк тәжiрибесi оңтүстiк өңiрге оң ықпалын тигiздi десек артық айтпаймыз. Осы бiр жылдың көлемiнде бiрқатар шетелдiк iскер азаматтармен кездесулер ұйымдастырылып, аймақ үшiн орасан зор пайдасы бар бiрнеше келiсiмшартқа қол қойылды. Айталық, облыста әлемдiк деңгейдегi техникалық колледж салынбақшы. Оған өңiр басшысының Малайзияның техникалық және кәсiптiк бiлiм төрағаларымен кездесуi кезiнде қол жеткiзiлдi. Сонымен қатар, Польша елiнiң iрi кәсiпкерлерi, ғалымдары бар делегация мүшелерiмен кездесу барысында да тараптар оң нәтижеге бастайтын келiсiмге келдi. Атап айтқанда, польшалық делегаттар карго-терминалы бар халықаралық әуежай құрылысын жүргiзуге, заманауи көлiк-логистикалық орталығын ұйымдастыруға, жылыжай шаруашылығы мен еттi бағыттағы құс шаруашылығын салуға және жасанды қар шығаратын өндiрiс орнын құруға қызығушылық танытып отыр. Мұнымен қатар облыста жалпы құны 52 млрд. теңгенi құрайтын немiс инвесторларының қаржысына 3 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Оңтүстiкке жасаған Қытай делегаттарының сапары да сәттi өттi деуге болады. Олар фотоэлектрлi өнiмдер мен күн сәулесi электростансаларына арналған жабдықтарды шығарумен айналысатын зауыт салуға қатысты жобаларын ұсынып отыр. Бұған қоса өңiрде қант зауытын, целлюлозалық қағаз шығару комбинатын, әйнек, шам және жарықтандыру жүйелерiн шығаратын зауыт салуға да келiсiм жасалды. Келешегi зор, орталығы Қазақстанның үшiншi қаласына айналғалы отырған облысқа бүгiнде Қытай кәсiпкерлерi қаржы құюға ықыласты. Бұдан бөлек Франциямен де инфрақұрылымдық жобаларға, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу және өңiрдегi туризм салаларын дамытуға мәмiле жасасты. Аймаққа ат басын тiреген Словакия, Үндiстан, Украина, Монғолияның делегациялары да облыстың инвестициялық әлеуетiмен танысып, үлкен жобаларды қолға алуды көздеп отыр. Шетелдiк инвесторларды тарту мақсатында оңтүстiкқазақстандық кәсiпкерлер Түркия, Оңтүстiк Корея елдерiнде iссапармен болды. Мұндай сапарлар алдағы уақытта Ресей, Малайзия, Сингапур, Франция, Германия елдерiнде жалғасын таппақ. Бiр сөзбен айтқанда, осы келiссөздер нәтижесi өңiрдiң инвестициялық ахуалын жақсарта түседi деп күтiлуде. Бұл сырт көзге оңай көрiнгенiмен, үлкен қажыр-қайратты, iскерлiк қабiлеттi талап етедi.
Бүгiнде Бейбiт Бәкiрұлының бастамасымен мақтаға деген көзқарас өзгерiп, оның өнiмдiлiгiн арттыру бойынша арнайы бағдарлама iске асырылып жатыр. Сырдың бойындағы суармалы жерлер жүгерi мен көкөнiске бағытталмақ. Созақ, Бәйдiбек сияқты аудандарда мал шаруашылығына басымдық берiлгелi отыр. Сайрам мен Түлкiбас аудандарында сүт өндiру мен өңдеуге ерекше көңiл бөлiнбек. Әрбiр аудан әкiмiнiң жұмысы осы басым бағыттардағы атқарылған жұмыстарға байланысты бағаланатын болады. Қысқасы, Бейбiт Бәкiрұлы жерi құнарлы, төрт түлiк өсiруге қолайлы аймақтың ауыл шаруашылығы әлеуетiн барынша арттыруға күш салып жатыр.