ОҚО-да ірі қара малды асылдандыру жұмыстары үш есеге артқан

Оның мәліметінше, соңғы екі жылда өңірдегі ірі қара мал саны 35 мың басқа артып 865 мыңға жетті, қой-ешкі 155 мың басқа артып 3 млн 893 мың болды, жылқы 16 мыңға артып 230 мың, түйе 23 мың, құс саны 2 млн 518 мың басты құраған. Сәйкесінше, мал шаруашылығы өнімі ет өндіру 111,4 %-ға, сүт өндіру 104,8 %-ға, жұмыртқа өндіру 112,1 %-ға, жүн өндіру 110,1 %-ға артып отыр.
«Өңірде мал шаруашылығын дамыту бойынша республика тарапынан қабылданған бағдарламалар нәтижелі іске асырылуда. Атап айтқанда, «Сыбаға» бағдарламасымен 26,2 мың бас аналық ІҚМ сатып алынып жоспар екі есеге орындалды. Бүгінгі күні тұқымдық түрлендіруге 72,3 мың бас аналық ІҚМ қатысуда. «Алтын асық» бағдарламасымен 50,3 мың бас қой сатып алынып, жоспар 2,3 есеге орындалды. Тұқымды түрлендіруге 186,1 мың бас қатысуда, жалпы аналық басқа шаққандағы үлесі 11,5 %. «Құлан» бағдарламасы аясында 4,3 мың бас жылқы сатып алынып, жоспар 1,6 есеге орындалды», - деді.
Мұнан бөлек, басқарма басшысы облыс халқын құс еті, жұмыртқа және қайта өңдеу өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында алдағы уақытта бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отырғанын айтты. Таратып айтсақ, 2018 жылы Түлкібас ауданында жылдық қуаттылығы 30 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы «Ak Kazyna» құс фабрикасы ашылса, Ордабасыдағы «Ордабасы құс» ЖШС-ның күркетауық етін өндіру және қайта өңдеу кешенінің қуаттылығын 20 мың тоннаға ұлғайту жобасы тұр.
Қой шаруашылығына қатысты биязы жүнді қойды көбейту ісі Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында дамытылып жатса, қаракөл қойын өсіру Түркістан, Созақ, Отырар, Мақтарал аудандарында, етті бағыттағы қой Шардара, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласында атқарылып жатыр.
Баспасөз жиынында мәлім болған тағы бір ақпар, соңғы 7-8 жылда өңіріміздегі ірі қара малды асылдандыру жұмыстары 3 есеге артқан. Мәселен, 2009 жылы 38 мың бас ІҚМ қолдан ұрықтандырылған болса, 2016 жылы 117 мың бас ІҚМ асылдандыру жұмыстары жүргізіліпті.
Кездесуде мал шаруашылығын мемлекеттік қолдауға қатысты жұмыстар да назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, жиында салада атқарылған ветеринариялық іс-шаралар жайы да айтылды.