ОҚО-да кәмелетке толмағандардың құқықтары қорғалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Прокуратура органдарының мобильдік тобымен адамдар көп шоғырланатын орындарда қайыршылықпен шұғылданатын кәмелетке толмағандарды анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлады ОҚО прокуратурасынан.
Шара нәтижесінде В.Платонов есімді азамат өзімен бірге тұратын немересі №57 жалпы орта мектебінің 3 сынып оқушысы А.Платонованы Шымкент қаласы, Д.Қонаев пен Желтоқсан даңғылдары қиылысында орналасқан «Лаваш орталығы» дәмханасының алдында қайыршылықпен шұғылдандырып, өзі сырттай бақылап тұрып, жасөспірімге қоғамға жат іс-әрекет жасатқаны анықталған.
Аталған дерек бойынша В.Платоновқа қатысты ҚР ҚК-нің 133-бабымен (кәмелетке толмаған адамды қоғамға жат әрекеттер жасауға тарту) қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысында В.Платонов мойындау жауабын беріп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізу нәтижесімен қылмыстық іс негізінен қарау үшін сотқа жолданып, сотпен қаралуда. Осылайша, жасөспірім А.Платонованың қоғамға жат іс-әрекет жасауы тиылып, оның конституциялық құқығы қорғалды. Сол сияқты, Түркістан қаласы прокуратурасымен Түркістан қаласындағы С.Қожанов көшесі бойында орналасқан «Мәдина» тойханасының алдында кәмелетке толмаған 2 жасөспірім қайыршылықпен айналысып жүргені анықталып, Түркістан қалалық ІІБ-і қызметкерлеріне тапсырылды. Кәмелетке толмағандардың ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 127 бабының 1 бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соттың қаулысымен оларға айыппұл салынды.