ОҚО-да қарақшылық жасағандар үйдегі екі баланы байлап, талдырып тастаған
7 ақпанда Ордабасы аудандық ішкі істер басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында үйіне белгісіз тұлғалар баса-көктеп кіріп, қарақшылық шабуыл жасағанын көрсеткен.
Оқиға орнына келіп жеткен полицейлер белгісіз тұлғаның тұрғын үйге баса көктеп кіріп, үйде болған 6 және 12 жас шамасындағы балалардың аяқ-қолдарын матамен байлап тастағанын анықтапты. Онымен қоймай қарақшылар жеткіншектердің мойындарынан қылқындырып, талдырып тастаған. Сөйтіп, үйдегі алтын бұйымдарын алып кеткен. Осылайша үй иесіне жарты миллион теңгедей шығын келтірген.
Жедел іздестіру шараларын жүргізген полицейлер осы қылмысты жасады деген күдікпен жергілікті жердің 20-25 жас шамасындағы тұрғынын ұстады. Қазір екі сезікті де уақытша тергеу абақтысына қамалды.
Қылмыс сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне тіркеліп, бірнеше сараптамалар тағайындалды.