ОҚО-да қару асынып жүріп демалған полиция қызметкерлері өзгелердің зәресін алды

Күнгейлік тәртіп сақшыларының ерсі әрекетін 9 шілде күні Машат тау шатқалына туыстарымен демалысқа шыққан жергілікті журналист Анар Сүлеева суретке түсіріп, ол туралы Фейсбуктегі парақшасына жазды.
«Қаншалықты дұрыс? Кеше үйдің кішкенелері қоймаған соң, Машатқа барып демалуды жөн санадық. Мынау сол жерде куә болған көрініс. Форма киген полицейлер қолдарына азық- түлік салынған пакет пен автомат асынып, демалушылардың зәре-құтын қашырды. Өздері рахаттанып демалды. Облыстық жергілікті полиция қызметі мен қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Данияр Мейрхан мырза, қызметкерлеріңіз демалуға барса неге формасыз, қызметтік көліксіз бармайды? Бәрінен сорақысы қолдарындағы қаруы»,- деп жазады А. Сүлеева.
Әзірге жергілікті ішкі істер саласының басшылығы бұл ақпаратқа қатысты қандай да бір пікір айтқан жоқ. Сондықтан қызметтік көлікпен жүргендер қай ішкі істер басқармасына қарастылығы анықталмады.