ОҚО-да қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік комиссия отырысы өтті.
None
None

  Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде болған шараға зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, Қазақстан халқы Ассамблеясы, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Саяси партиялар мен қоғамдық кеңестер, депутаттар мен БАҚ өкілдері де  келелі жиыннан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

 Комиссия отырысына арнайы қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев алдымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында құрылған өңірлік Жобалық кеңсенің жайымен танысып шықты. Жиында алғашқы сөз сөйлеген аймақ басшысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы - мемлекеттік идеологияны анықтайтын басты саяси құжаты болып табылатынын және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының оңтүстік өңірінде іске асыру жұмыстарының өзектілігін атап өтті. Комиссия отырысында өңірде Жобалық кеңсе жұмысы туралы оның басшысы, облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы Бақытжан Әшірбеков баяндады. Оның сөзінше, облыс аумағында мақаланы насихаттау мақсатында арнайы спикерлер топтары жасақталып, БАҚ арқылы қызу қолдау шаралары атқарылуда. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде пікірлер жариялануда. Мақаланың мәтіні жазылған кітапшалар, әдістемелік құралдар шығарылып, таратылды. Бұдан бөлек, халықты бірлікке, ынтымаққа, татулыққа шақыратын және ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді дәріптейтін түрлі деректі фильмдер, роликтер әзірлеу қолға алынуда. 

Сондай-ақ, облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштер аумағында туристерге қызмет көрсететін ұлттық қолөнер бұйымдары, кәдесыйлар сататын сауда дүкендерін және тек ұлттық тағамдар дайындайтын дәмханалар ашу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Алғашқы нысандардың бірі ретінде қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын паш ететін Отырар ауданында «Алаш» этнографиялық ауылы ашылды.

Жастардың бойына өз еліне деген мақтаныш пен Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мақсатында жастарды, мектеп оқушыларын облысымыздағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен киелі орындарға саяхат жасауының кестесі әзірленіп, ұйымдастырылуда.

Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының 6 бағытының 2-і республикалық деңгейде жүзеге асырылады. Олардың қатарында  «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» пен  «Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі» бағыттары болып табылады. Ал, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері», «Қазақстанның жаңа 100 тұлғасы», «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» сияқты 4 бағыт өңірлерде жүзеге асады. Аталған барлық бағыттар бойынша арнайы 95 жоба дайындалып, іске асыру жоспарлануда.

Келелі жиында сонымен қатар «Атамекен және азаматтық сана» тақырыбында жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жолдарының өңірлік ерекшеліктері туралы баяндап өтті. Рухани жаңғырудың маңыздылығы мен ерекшелігі жайында  «Интеллект Орда» Халықаралық әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді ықпалдастыру институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Саттар Мәжитов, «Жоғары оқу орындарында жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу жолдары» тақырыбында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Жұмахан Мырхалықов тарқатып айтты. Жоғары оқу орындарында рухани жаңғыруға қатысты тұрақтылық пен татулық мәселесі жайлы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Оңалбай Аяшев өз пікірін білдірді.

Кездесу барысында қатысушылар сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды. Зиялы қауым өкілдерімен қызу пікір алмасулар болды.

Отырыс соңында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша аудан, қала әкімдеріне, басқарма басшыларына және құзырлы мекемелерге тиісті тапсырмалар біріп,  жиынды қорытындылады.

Соңғы жаңалықтар