ОҚО-да лауазымды тұлға сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін сотталды

Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, 2010 жылы көрсетілген мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру ауқымында қаланың мектепке дейінгі балалар мекемелеріне қосымша топтар құру үшін республикалық бюджеттен 34 миллиард теңге бөлінді.
«Бұл сомадан «Балдәурен» МҚКК-ға қосымша ясли тобын ашу үшін 6 млн.теңге бөлінді, - делінген хабарламада. - Кәсіпорынның бұрынғы директоры Пәрімбетова қызмет бабын пайдалана отырып, бұл қаражаттан 142 039 теңгені өзінің карточка-есепшотына еңбекақы түрінде заңсыз аударған. Ал бекітілген штаттық тариф бойынша бұл мақсатты трансферт бойынша еңбекақы төленуі тиіс емес».
Қала прокуратурасының тексеру қорытындысы бойынша «Балдәурен» МҚКК директорына қатысты қылмыстық іс қозғалып, айыптау қорытындысымен сотқа жіберілді.
Кентау қалалық сотының үкімімен Г.Пәрімбетова шартты түрде екі жыл жарым мерзімге бас бостандығынан, 5 жылға дейін белгілі бір лауазымдарда жұмыс істеу құқығынан айырылды, деп хабарланды ҚР Бас прокуратурасының ресми сайтында.