ОҚО-да полицейлерге 1000 теңге бермек болған жүргізуші 400 мың теңгесінен қағылды

Аймақтық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Мақтаарал ауданында орын алған. Жол-патрульдік полицияның қызметкерлері Жетісай көшелерінің бірінде «Фолькцваген-Пассат» көлігін тоқтатты. Оның жүргізушісі мемлекеттік нөмірсіз, оған қоса өшірілген фарамен келе жатты.
Полицейлер әкімшілік құқық бұзушылық турады хаттама толтыра бастағанда, 32 жастағы жүргізуші мәселені «басқа жолмен» шешуді ұсынып, инспекторларға хаттаманы толтырмау үшін 1000 теңге бермек болды. Полицияда жүргізуші бұл әрекеті үшін жазаға тартылуы мүмкін екені ескертілгені айтылды, оған қоса тәртіп бұзушының әрекеттері бейнетаспаға жазылған.
Ақыры, сот шешімімен көлік жүргізушісі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 676 бабымен («Заңды тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы ұсыну») айыпты деп танылып, ер адамға 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Енді көлік иесі 400 мыңға жуық теңге төлеуі тиіс.