ОҚО-да «Жасыл аймақ» аясында 700 мыңнан астам көшет егілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы жылдың көктемінде 700 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.
Оңтүстікқазақстандықтарды табиғатты аялауға шақыру, қоршаған ортаны қалпына келтіру және сақтау, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер айналасын көгалдандыру мақсатында «Жасыл аймақ» іс-шара жоспары жүйелі түрде іске асып келеді. Биыл «Жасыл аймақ» іс-шара жоспары аясында жалпы 617 мыңнан астам түрлі ағаш көшеттері егілді. Атап айтқанда, елді мекендер маңайындағы 270 гектарға «Жасыл аймақтар» құрылып, онда 117,7 мың, ал өңірдегі саябақтар мен гүлзарларда, көше бойларында, білім, спорт, денсаулық және мәдениет нысандары аумақтарын көгалдандыру мақсатында 1156 гектарға 499,6 мың түп ағаш көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» аясында оңтүстікқазақстандықтар ұйымшылдықпен бір күнде 83 мыңнан астам ағаш көшеттерін еккен.