ОҚО-да жол қауіпсіздігі қатаң қадағалануда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жол ережесін сақтамаған азамат жауапқа тартылды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.
«Сайрам аудандық сотының 10 маусым 2015 жылғы қаулысымен А.Е. деген азамат жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің белгіленген қағидаларын бұза отырып жол көлік оқиғасын жасап, нәтижесінде көліктерге материалдық залал келтіргені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы 1-бөлігімен («Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген қағидаларын көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жол құрылыстары мен басқа құрылыстарды немесе өзге де мүлiктi бүлдіруге әкеп соққан, материалдық залал келтiрген бұзушылығы» - ред.) кінәлі деп танып, оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды», - деп жазылған хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында жасөспірімдердің қатысуымен болған 348 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 58 бала қаза болып, 331 бала дене жарақаттарын алған. Бүгінде құзырлы органдар қайғылы оқиғалардың, жасөспірімдер мен балалар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түрлі шараларды қолға алып отыр.