ОҚО-да жұмыс орнын сақтап қалу мақсатында 9 мыңнан астам меморандумға қол қойылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстанда әлемдік дағдарысқа байланысты жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында 9 мыңнан астам меморандумға қол қойылды.
None
None

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ОҚО филиалында өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.

«Аудан, қала әкімдіктерінің, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың арасында 148,5 мың адамды қамтитын 9393 кәсіпорынмен үш жақты меморандум түзілді. Сонымен қатар, бүгінгі экономикалық жағдайға байланысты тұрмысы төмен 58 мыңнан астам отбасыға қазан айынан бастап 3 айға материалдық көмек ретінде жалпы соммасы 348,4 млн. теңге бөлініп үлестірілетін болады», - деді басқарма басшысы.

Биылғы жылдың статистикалық көрсеткіші бойынша облыстың экономикалық белсенді халқының саны 1233,4 мың адамды құрап отыр. Оның 1167,5 мыңы жұмыспен қамтылса, өздігінен жұмыс тапқандардың саны 507,7 мың.

Брифингте Әсия Темірбаева мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі басты назарда екенін айтып, бүгінде 1871 азаматтың жұмыспен қамтылғанын хабарлады. Ал «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 775 жұмыс берушімен келісім-шарт түзіліп, 1 712 жас жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар