ОҚО-дағы Ысқақ бап мен Бата Түкті Шашты Әзіз кесенелері тасада қалды - өлкетанушы Кеңес Ысмайылов

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік өңірінің Созақ даласын тек тарихтың табан ізі қалған жер емес, руханияттың ордасы деуге де болады. Себебі, теріскейде тарихи орындар мен киелі жерлер көп. 

ОҚО-дағы Ысқақ бап мен Бата Түкті Шашты Әзіз кесенелері тасада қалды - өлкетанушы Кеңес Ысмайылов

Солардың қатарында қарт Қаратаудың етегінде орналасқан Ысқақ бап пен  Баба түкті Шашты Әзіз кесенелері бар. Кезінде қазақ еліне  Ислам дінін дәріптеген, жергілікті халықтың осы дінге өтуіне ықпал еткен екі әулие туралы тың деректермен  күнгейлік өлкетанушы Кеңес Ысмайылов бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

 «Тарих беттерінде Ғұндар - Батыс Түрік Қағанатын құрғанда олардың орталығы Қаратау болды. Хұн - Сақ қаласы орнады. Хұнсақ бірте-бірте ауызекі Хұнзақ, Ғұнзақ, Сусақ, Созақ боп өзгерді. Батыс Түрік Қағанатын Түркеш, оны Қарлұқтар ауыстырды. Бұл өлкеге арабтар келді. 751 жылы Таразға жақын жерде Атлах қаласының түбінде арабтар мен қытайлар қанды қырғынға килікті. Осы топалаңнан кейін тарих табалдырығын Қарахан мемлекеті аттады. Ол мұсылмандықты мемлекеттік дін деп жариялады. Біз Бабай Түкті Шашты Әзізді осы кезеңмен байланыстырамыз, 8-9 ғасырдағы өмір сүрген деп. Өйткені оның миссиясы Ислам дінін дәріптеумен қатар, Ысқақ бабтың жолдасы, досы, үзеңгілес серігі, көмекшісі, уәзірі ретінде халықтың санасына сіңді. Ол Ысқақ бабтың ықпалымен өзі ғана мұсылмандықты қабылдап қоймай, шексіз, шетсіз маң далада емін-еркін көшіп жүрген Сақ тайпасы үшін жауапты болды. Олар тіпті Ысқақ бабтың інісі Әбдіжалил бабты (Қорасан әулие) соғыста аттан аударып түсірді, оның 32 мыңдық әскерін тас-талқан етті»,- дейді өлкетанушы.

null

Кеңес Ысмайыловтың сөзінше Ысқақ баб (Баба ата деп те атайды) шын мәнінде әулие адам болыпты. Ол Сақ тайпасынан бір кездері мұсылмандыққа әзер мойынсынған өз тайпаларының табиғатын тани біледі. Сол себепті қылыш көтере бермей, мәмілегерлік жолды көбірек ұстанды. Ал, Ысқақ баптың  жолдасы, досы, үзеңгілес серігі, көмекшісі, уәзірі ретінде халықтың санасына сіңген  Баба түкті Шашты Әзіз өзі ғана мұсылмандықты қабылдап қоймай, шексіз, шетсіз маң далада емін-еркін көшіп жүрген Сақ тайпасы үшін жауапты болды. Ол туралы аңыздардың бірінде шын есімі Баба Туклас деп көрсетілген. Әкесі - Керемет Әзіз. Баба Туклас Меккеде патша болған, мұсылмандар арасында әулие саналған. Меккеге қажылық сапармен барушылар, ең алдымен, Мұхаммедтің, онан кейін Әлем Музтазы Сейіттің, содан соң осы Баба түкті Шашты Әзіз қабіріне барып тәу еткен. Келесі бір аңыздарда Баба түкті Шашты Әзіз - Қожа Ахмет Иасауидің арғы бабалары, ислам діні Орталық Азияға тарай бастаған кезде өмір сүрген кісі, Қорқыттың замандасы делінеді.

«Баба  Ата күмбезі сол кісінің қабірінің басына салынған. Қазақ шежірелерінің кейбір нұсқаларында ол Маңғыт руынан деп айтылады. Баба түкті Шашты Әзіз нақты болған адам деген бұлтартпайтын дерек жоқ. Сондықтан ғылымда ол мифтік бейне ретінде қабылданған. Қазақ фольклорында ол әулие кейпінде суреттеледі. Батырлар жырында бас кейіпкерлер қиналған кезде демеуші, аян беруші аруақ тұлғасында бейнеленеді. Мысалы, «Алпамыс батырда» Байбөрінің түсіне Баба түкті Шашты Әзіз кіріп, әйелінің бір ұл, бір қыз табатыны туралы аян береді, кейін Алпамыстың демеушісі болады. Басына қиындық түскенде Баба Түкті Шашты Әзізге сыйынып, жалбарыну дәстүрі халық арасында күні бүгінге дейін сақталған», - дейді Кеңес Ысмайылов.

Бүгінде  Құмкент ауылының маңындағы Жылыбұлақ жерінде орналасқан Баба түкті Шашты Әзіз кесенесіне келушілер қатары көп. Мұндағы жұрт ол кісіні  жауға шапқанда ұрандататын киелі әулие болған деседі. Тіпті күш атасы Қажымұхан да  додаға түскенде: -«Уа аруақ, Баба түкті Шашты Әзіздің рухы қолдай гөр»-деп сыйынған екен.

null

«Кейбір аңыздарда Баба түкті Шашты Әзіздің атауы оның шашына байланысты қойылған делінген. Ол замандарда ер азаматтар шашын ұзын қылып өсіреді екен. Баба түкті Шашты Әзіз де шашын ұзын қылып өсіріп, қайырып жүрген. Ол сондай-ақ мұсылманшылыққа, құдайға сенгені соншалық халықтың көзінше оттың ішіне кіріп, бір жері күйместен, аман-есен шыққан екен. Содан кейін халық оның әулие адам екеніне сенеді. Әрі құдайдың құдыретіне сенеді. Жаппай  мұсылманшылықты қабылдаған деседі. Қазір оның жерленген жерінде үлкен күмбезі бар кесене салынған. Оның жанында бұлақтардан су келіп құйылатын үлкен хауыз бар. Судың ішінде балықтар көп. Кесенеге барған адамдар тек зиярат етпей, табиғатты тамашалап кетеді. Мазараттың басында намаз оқитын, дәрет алатын жерлер жасалған. Өлкетанушы ретінде маған осы екі әулиенің дәрежесі өте жоғары саналады. Алайда қазіргі таңда ол жерлерге туристер ойдағыдай барып жатқан жоқ. Екі әулиеде шетте қалып кетіп жатыр»,-дейді өлкетанушы.