ОҚО: Дауылдың салдарынан бүлінген ғимараттар жөнделуде

АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - 14 маусым күні сағат 15.00 шамасында Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылында қатты тұрған дауылдың салдарынан 32 тұрғын үйдің, 49 сарайдың, 1 дүкеннің, 1 техникалық қызмет көрсету стансасының шатырлары зақымданған. Бұл туралы Қазығұрт аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлеріне сілтеме жасап, облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ОҚО: Дауылдың салдарынан бүлінген ғимараттар жөнделуде

Бүгінде аталған ауылда келтірілген залалдың мөлшерін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін 613 шатыр жабынғысы, 300 метрдей рейка ағаштары жеткізіліп, 6 арнайы мамандандырылған топ жұмылдырылды. Қазығұрт ауданының әкімі Болатбек Қыстауов ауылдағы жағдайды өз көзімен көріп, желдің салдарынан шатырлары зақымданған барлық отбасыларға көмек көрсетіліп, жағдайлар жасалатынын жеткізді.

Жылдамдығы 19 м/с болған желдің салдарынан ауылдағы әлеуметтік нысандар мен ауыл тұрғындары зардап шекпеген. Орын алған оқиға төтенше жағдайлардың қауіп-қатері, туындауы немесе жою кезінде ақпарат ұсыну тәртібі туралы №137 ережесіне сәйкес Төтенше жағдайлар критерийіне жатпайды. Қазір залалды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.