22:51, 31 Тамыз 2017 | GMT +5
ОҚО диқандары Құрбан айтқа орай жағдайы төмен отбасыларға тегін қауын-қарбыз таратты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының диқандары «Құрбан айт» мерекесіне орай Астана қаласындағы 200 әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мен 3 арнайы әлеуметтік көмек көрсету мекемесіне тегін қауын-қарбыз таратты, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ондағы мақсат - халықтың әл-жуаз тобына қолдау көрсетіп, оңтүстіктің жерінде өскен тәттілігі тіл үйірер қауын - қарбыздан дәм татқызу.
Тізімді диқандарға Астана қаласы әкімдігінің «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік мекемесі беріпті. Осылайша шаруалар оңтүстікқазақстандықтардың дархандығы мен еңбекқорлығын көрсетіп, ертеңгі ұлық мерекенің қадір-қасиетін арттыра түсті.
Айта кетейік, Астана қаласында 2-3 қыркүйек күндері «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесіне арналған Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіледі. «Қазақстан» спорт алаңшасында өтетін жәрмеңкеге құны 265 млн. теңге болатын 500 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі ұсынылатын болады.