ОҚО: Келелі кездесуге экология мәселесі арқау болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы әкімдігі мен «Қазақстан ядролық қоғамы» Шәуілдір ауылында халықпен кездесу өткізді, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
None
None

Кездесуге аудан әкімі Ерлан Айтаханов, мәслихат депутаттары, «Заречное» бірлескен кәсіпорнының, үкіметтік емес ұйым және БАҚ өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.  Басқосуда «Қазақстан ядролық қоғамының» өкілі Рысқали Айтымбетов «Уранды алу және өңдеу» тақырыбында баяндама жасап, Шәуілдір ауылының экологиялық ахуалы бойынша лабораториялық сынамалардың қорытындысы туралы жария етті. Еске салар болсақ үстіміздегі жылдың жаз мезгілінде аудан орталығы Шәуілдірдің бірнеше жерінен ауа, топырақ және ауыз судан сынамалар алынған болатын. Рысқали Айтымбетов сол сынамалардың нәтижесі ауылдың экологиялық жағдайының қалыпты екендігін көрсетеді деді. Жиында сөз алған аудан әкімі «Қазақстан ядролық қоғамы» өкілдеріне алынған сынама қорытындыларын халыққа түсіндіру маңызды екендігін айтып, алайда осы уақытқа дейінгі экологиялық зерттеулердің барлығын салыстырмалы түрде көрсетіп, олардың динамикалық көрсеткіштерін жасау туралы ұсынсын білдірді.

Сонымен қатар, Ерлан Айтаханов сынама жүргізу мәселесі жергілікті халықпен, билікпен келісіліп, қосымша зерттеу объектілерін яғни, малдан, сол аймақта тіршілік ететін жануарларды да тізімге қосу мәселесін қарастыруды айтып өтті. Жиын соңында халықпен кездесіп, ашық жариялы түрде кездесу өткізген сала мамандарына аудан басшысы өз алғысын білдірді.

Соңғы жаңалықтар