ОҚО: Кентауда кәсіпкерлік қарқын алды
Оған мемлекет тарапынан берілетін төмен пайызды несие мен моноқала бағдарламасы бойынша бөлінетін гранттардың көмегі көп болуда. Мәселен, соңғы төрт жылда қалада 36 жоба арнайы грантқа ие болған. Нәтижесінде шағын шаһардағы жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді. Жыл басында жұмысын бастаған шағын сүт өңдеу цехы мемлекеттік көмектің арқасында аяққа тұрып келеді. Қазір сүт өнімдерінің 9 түрін шығаратын цех құрылысына «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы 20 млн. теңге несие берген. Бүгінде жиырмаға жуық азамат соның игілігін көріп, нәпақа айырып отыр. Алдағы жоспар да ауқымды. Ахмет Өтебаевтың айтуынша, 2017 жылы брендке айналған Кентау сүт өнімдерін Шымкент шаһарына тасымақ ниетте. Сол жақта өз дүкендерін ашып, ары қарай дамытсақ деген мақсаттары бар. Осылайша, кеншілер қаласында мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын кәсіпкерлік дамып келеді. Егер биылғы жобалар жүз пайыз қуатында жұмыс істесе, бұл көрсеткіштің алдағы уақытта әлі де жақсара түсері анық.