ОҚО: Кілем тоқу фабрикасы өнімін бұдан әрі өркендете түспек

Сындарлы доданың 11 талап-тілегінің үдесінен шығып, жүлделі орынға ие болды. Кілем тоқудың заманауи технологиясын меңгерген жеңіл өнеркәсіп орнында бүгінде 130 маман жұмыс істейді.
Отандық тауар еліміздің әр аймағынан бөлек, шетелге де экспортталуда. Ресей, Қырғызстан, Тәжік елдері Шымкент кілемін мойындаған. Шикізат қазір, көрші елдерден тасымалданады. Келер жылы бұйыртса, байтағымыздың бас тауар брендін жеңіп алған кәсіпорын өндірістің өрісін кеңейтпек. Жіп иіру цехын іске қосады. Фабрика өндірістік жобаны толық іске асырған тұста импортқа деген тәуелділік жойылмақ. Яғни, отандық өндірістің ішкі нарықты 100 пайыз қамтуға қауқары жетеді.
Ірі байқаудағы бұл жеңіс фабрика ұжымына жаңа мүмкіндіктердің көкжиегін ашып, міндетін жүктемек. Ерекше екшеп өткен жөн. «Назар-текстиль» қатысқан Республикалық «Алтын сапа» байқауы бұдан былай жаңа номинациялармен толықтырылмақ. Енді кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары «Ұлы дала» үздігі атану үшін жүлделі орынға таласады. Бұл жетістікке өз өнімдерін шетел нарығына экспорттап, елдің индустрияландыру саясатына сүбелі үлес қосқандар ғана жетпек.