ОҚО-ның 15 пайыз тұрғыны спортпен шұғылданады

«Бүгінгі күні облыста 3 млн-.-ға жуық адам тұрады. Олардың 400 мыңнан астамы, яғни 15 пайызы спортпен шұғылданады», - деп хабарлады ҚазАқпараттың тілшісіне Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Сманов.
Оның берген мәліметіне қарағанда, облыс орталығында спортпен шұғылдануды қамтамасыз ету біршама төмен. «Егер бүгінгі күні Шымкент қаласында 700-800 мың адам тұрса, олардың 100 мыңы спортпен айналысады. Біздің алға қойған мақсаттарымыз жетерлік. Өткен жылы жеңіл атлетикаға арналған манеж салынды. Жақында жүзу бассейні мен теннис орталығы пайдалануға берілмек. Қазақстанда олардың үшеуі ғана бар, солардың біреуі - Шымкентте», - деді Н. Сманов.
Бүгінгі күні облыс орталығында 10 спорт мектебі жұмыс істейді. Олардың 4-уі соңғы 4 жылда ашылды. Оның материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. «2015 жылға дейін тағы да жаңа 4 нысан салынатын болады», - деп түйіндеді ол.