ОҚО прокуратурасы мемлекеттік сатып алулар саласында көптеген заң бұзушылықтарды анықтады
ШЫМКЕНТ. 31 қазан. ҚазАқпарат - ОҚО прокуратурасы мемлекеттік сатып алулар саласында көптеген заң бұзушылықтарды анықтады.
Прокурорлардың хабарлауынша, оңтүстікте қажетті тауарлар мен қызметтерді сатып алуға байқау кезінде көп жағдайда заң бұзушылықтар орын алады, сонымен қатар олардың бағасы тауардың өзіндік құнынан жоғары бағамен қойылады. Мәселен, аймақтың 12 медициналық-әлеуметтік мекемесіне арналған 557,7 млн. теңге көлеміндегі өнімді сатып алуға 18 компанияға мүмкіндік берілді. Алайда, прокурорлар анықтағандай, олар конкурссыз таңдалған. Бұл өрескел заң бұзушылық болып табылады. Сонымен қатар, жеңімпаз-компаниялар отандық тауар өндірушілер болып табылмайды. Прокуратура араласқан соң, сот шешімі бойынша заңсыз конкурстар қорытындылары күшін жойды.
Прокурорлар Сайрам ауданы білім беру бөлімі балаларды мектеп автобусымен тасымалдау үшін 3 тонна көлемінде АИ-92 маркілі бензинді сатып алмақ болғанын да хабарлады. Алайда, оның бағасы таң қалдырады, тапсырыс беруші 1 литр бензинді 363 теңгеге бағалаған. Сонымен қатар, шенеуніктер дизельді отын мен көмірді де жоғары бағамен сатып алмақ болған. Прокуратура араласқан соң, 17 млн.-нан астам бюджет ақшасы үнемделді.
Осы жылы прокурорлар барлығы 120 адамды тәртіптік жауапкершілікке тартқан, бір адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 қылмыстық іс қозғалған. Сот шешімі бойынша 1,7 млн. теңге сомаға 3 талап-арыз қанағаттандырылды, мемлекеттің кірісіне 40 млн.-ға жуық теңгенің орны толтырылды, оның ішінде 34 млн.-нан астамы мақсатсыз жұмсалған.