ОҚО жұртшылығы «Алас» күнінде сенбілік өткізді
Мереке «Тағзым», «Алас» «Береке», «Көктем шуағы», «Өніс», «Жайнау», «Шаттық», «Үйлесім», «Ұлыс» күндері ретінде ұлттық сипатта аталып өтуде, деп хабарлайды облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметінен.
15 наурыз - «Алас» күні (тазару, жаңару деген мағынаны білдіреді) облыс тұрғындарының белсенді қатысуымен сенбілік өтті.
Сенбілікке мекеме, ұйым қызметкерлері мен оқу орындарының студенттері жалпы, облыс жұртшылығы жұдырықтай жұмылды. Тіпті үш жасар бүлдіршін мен жасы тоқсанға таяған еңбек ардагерлері де белсенді қатысты. Осылайша, оңтүстікқазақстандықтар жалпыхалықтық мерекеге дайындықты ерекше қарқынмен бастап кетті.
Шымкенттегі орталық саябақта өткен сенбілікке облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, көшеттер отырғызды. Сенбілік барысында облыс орталығындағы көшелер мен алаңдар, аяқ жолдар мен ирригациялық жүйелер, өзен жағалаулары тазартылды. Көше бойлары мен аулаларға, саябақтарға қара ағаш, қырым қарағайы, шынар, ақ қайың және т.б. ағаштардың жас көшеттері егілді.