18:39, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Оқу ақысын төлей алмағаны үшін 200 мың студент жоғары оқу орындарынан шығарылады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді - Ж. Түймебаев
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Оқу ақысын төлей алмағаны үшін 200 мың студент Қазақстанның жоғары оқу орындарынан шығарылады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Жансейіт Түймебаев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, 2008-2009 оқу жылында жоғары оқу орындарының 7 мыңға жуық студенті оқудан шығарылған. Олардың 3 мыңы оқу үлгерімінің нашарлығынан және оқу орнымен байланысын үзгендіктен шығарылған. «Ақылы негізде оқитын қалған студенттер (4 мың ? ред.) бойынша министрлік ректорларға оқу ақысының икемді кестесін әзірлеуді тапсырды», деді Ж. Түймебаев.Оның сөзіне қарағанда, министрлік оқу үлгерімі жақсы, озат студенттерге мемлекет есебінен 700-ге жуық грант бөлуде. Сонымен қатар, Ж. Түймебаев министрліктің жанында Қаржы орталығы барын, ол банктермен бірлесіп кредиттер беру тетігін әзірлегенін айта келе: «Жоғары оқу орны кепілгер болатын болса, біз үш жақты келісім-шарт негізінде ондай студенттерге (оқу ақысын төлей алмағандарға ?ред.) кредиттер бере аламыз», деді. Мұндай тәжірибе бірінші болып Әл Фараби атындағы Қазақ ұлтық университетінен басталады. Бұл дәстүрді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті жалғастырған.Айта кетейік, елімізде оқу ақысын төлей алмайтындығына байланысты 200 мыңнан астам студенттің оқудан шығып қалу қаупі бар деген мәліметті қаңтардың 14-де Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Сағынбек Тұрсынов айтқан болатын. «Алматы қаласының белді 10 жоғары оқу орындарында жұмыс істеп жатқан студент омбудсмендерінің мәліметі бойынша, 2008-2009 оқу жылының күзгі кезеңінде Алматы қаласында оқу ақысын төлемегендіктен 85 мыңнан астам студент кезекті емтиханға жіберілмеген. Басқару академиясындағы бір ғана факультеттегі 50 студенттің 30-ы осындай жағдаймен емтихан тапсыра алмаған. Сондықтан да тез арада мәселенің шешімі табылмаса, ақы төлеп оқитын студенттердің 40 пайызға жуығы немесе 200 мыңнан астам студент емтиханға жіберілмейді», деген болатын депутат өз сауалында. С. Тұрсыновтың айтуынша, соңғы жылдары жоғары оқу орындарындағы оқу ақысының мөлшері негізсіз көтерілген. Мәселен, республикамыздағы кейбір оқу орындарында ақылы білім Еуропа, Азия елдеріндегі Оксфорд, Бейжің университеттерінің ақылы мөлшерінен де асып түскен.