Оқулық авторлары Scopus журналдарына мақала жазудан босатыла ма - министрдің жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілістегі баспасөз мәслихатында Scopus журналдарына мақала жазуда қиындыққа тап келіп жүрген ғалымдардың проблемасы қалай шешілетінін айтты.

- Қазіргі таңда ғылыми дәреже қорғау үшін, гранттық жобаға қатысу үшін міндетті түрде ғалымдар Scopus журналдарына еңбектерін шығару керек. Соған байланысты біздің гуманитарлық сала ғалымдары көп өтініш білдіріп жүр. Айтуларынша, әсіресе, тарих, қазақ филологиясы сияқты салалардың тақырыптары Scopus пулына кіретін журналдарға қызықты емес. Екі жыл бұрын осындай ғалымдарға жеңілдік жасадық. Мысалы, қазақ тілі және әдебиет, лингвистика, отандық тарих саласында қазақстандық журналдарға мақала жариялау, монография жариялау Scopus-қа мақала шығарумен бірдей болады деген жеңілдік жасадық. Көп адамдар соны түсінбей қала ма деп қорқып отырмыз. Яғни, енді осы бағыттар бойынша Scopus міндетті емес, - деді ол.
Сондай-ақ, пайдалы оқулық жазған ғалымдарды Scopus-қа мақала шығару міндетінен босату туралы ұсынысқа пікір білдірді.
- Ұлттық құрылтайда тағы бір ұсыныс айтылды. Ғалым мықты оқулық жазса және оны әдістемелік бірлестік ғылыми айналымға енгізсе, ондай еңбек Scopus мақаланың орнына есептелсін деп отыр. Оны қарастыруымыз керек, қарастыруға дайынбыз, - деді Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс эндаумент қор туралы заң жобасын мақұлдады.