«Оқулықты тегiн әрi түгел алғыңыз келсе...» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 4 тамыз, сейсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

"Егемен Қазақстан" басылымында Қытай-Қазақстан-Әзербайжан елдерiн жалғаған транскаспийлiк транзит жолының ашылуына қатысты мақала жарияланды.

"Транскаспий өңіріне маңызы зор оқиға Каспий теңізінің Әзербайжан астанасы Бакуден 65 шақырым жерде өткізілді. Жаңадан ашылған Алят теңіз портында Транскаспий транзиттік «Шихази (ҚХР)-Достық-Ақтау порты-Алят порты-Кишлы (Баку маңында)» бағдарымен алғашқы қарлығашы «Номад экспресс» контейнерлік пойызын қарсы алу салтанаты болды", - деп жазады басылым "Транскаспий транзиті" атты мақалада.

Салтанатты шараға Әзербайжан Премьер-министрінің орынбасары Әбид Шарифов, Көлік министрінің орынбасары Ариф Әскеров, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин, «Әзербайжан темір жолы» ЖАҚ төрағасы Джавид Гурбанов, Грузия темір жолының басшысы Мамука Бахтадзе, Қытай Халық Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Хун Цзюинь қатысты.

"Бұл жылжымалы құрам Қы­тай, Қазақстан, Әзербайжан ел­дері мен Ақтау және Алят теңіз порттарының бірлескен үйлес­ті­рілген қызметтерінің нәтижесі болып табылады. Контейнерлік пойыз Қазақ­стан мен Каспий теңізі арқылы 3500 шақырым ұзақ жолды бес тәулікте жүріп өтті. Пойыз Дос­тық стансасынан Ақтау портына барды. Ақтаудан паром арқылы Әзер­байжан Республикасының Алят портына жеткізілді. Одан әрі қарай Баку маңындағы Кишлы стансасына бағыт алды", - делiнген мақалада.

"Егемен Қазақстанның" келесi мақаласында Тараз қаласының Қазақ хандығының 550 жылдығына дайындығы тақырыпқа арқау болып отыр.

"Алла қаласа, Қазақ хандығының мерейтойы 11 қыркүйек күні Астана қаласында, 9-10 қазан күндері Таразда аталып өтпек. Дәл қазір тойға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Той қарсаңында Тараз қаласында бірқатар нысандардың бой көтеріп, еліміздің барлық облыстары мен қалалары мерейтойға атсалысып, қаланы көркейтуге, абаттандыруға өз үлестерін қосып жатқанын бұған дейін жазған болатынбыз. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев той дүбірі басталғалы бері осы өңірге бірнеше мәрте атбасын бұрып, құрылыстардың жай-күйімен танысып, облыс-қалалардың қолға алған нысандарын аралап көрді. Шынында, еліміздің 14 облысы көмекке келіп, көне қаланың той өтетін жерлерін абаттандыру, жаңарту, көркейту жұмыстарын жүргізуді міндеттеріне алғалы бері Тараздың төріндегі құрылыстар қатары күн санап көбейіп, қарқын алып келеді. Қазірдің өзінде Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Павлодар облыстарының алды міндеттеріне алған құрылыстарды аяқтауға жақындаса, соңы жұмыстың жартысынан астамын еңсеріп тастапты", - делiнген "Тараз. Тойға дайындық. Қызу құрылыс" атты мақалада.

Жалпы, газеттiң жазуынша, бұл бағыттағы іс-шаралар мерейтой тұжырымдамасына сәйкес жүруде.

"Дәл қазір «Ежелгі Тараз» музейі, ашық аспан асты мұражайы, «Қазақ хандығы» монументі, Достық үйі секілді жаңа нысандарға республикадан қаражат бөлініп, құрылыстарын бастады. Сонымен бірге, бірнеше нысанға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек ұлттық компаниялар, жергілікті кәсіпкерлер демеушілік танытып, қалада абаттандыру жұмыстары кеңінен жүріп жатыр. Яғни, мерейтойға дейін ежелгі Тараз жаңарып, келбеттене түсетін болады", - деп атап өтедi басылым.

***

"Білім және ғылым министрлігі ата-аналар мен мектеп оқушыларына тамыз айының 10-нан бастап 2015-2016 оқу жылдарына арналған мектеп оқулықтарын тарату басталатынын хабарлайды!" деп жазады «Айқын» газетi «Оқулықты тегiн әрi түгел алғыңыз келсе...» атты мақалада.

«Бұдан былай мектеп оқулықтары бұрынғыдай тамыз айының соңғы күндері немесе қыркүйектің басында емес, тамыз айының 10-нан бастап үлестіріледі. Арнайы жасалған кесте бойынша, алдағы 10 тамыз күні 1-сынып оқушыларына, 11 тамызда 2, 3-сыныптарға, 12 тамызда 4, 5-сыныптарға кітап таратылады. Осындай тәртіппен жалғасатын кітап тарату тәртібіне сәйкес, 11-сынып оқушылары оқулықты 18 тамызда алады", - делiнген мақалада.

Біздің елдегі мектептерде барлық оқу­лық­тар әр 4 жыл сайын қайта басылып тұра­ды. Ал сол оқулықтарды басып шы­ғару қаржысын төлеу де, оқулықтарды мек­тептерге тасымалдап жеткізу де жер­гілікті атқарушы билікке жүктелген. Қыс­қа қайырғанда, оқулық шығару ісіне рес­публикалық бюджеттен қаржы бөлін­бейді. Бұл міндет жергілікті бюджеттің мой­нында. Бірақ осы міндетті кейбір об­­лыстардың толыққанды жүзеге асыра ал­май жат­қан жайы бар.

Министрлік мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі күні Астана және Алматы қала­ла­рындағы мектептерге оқу құралдарының 98 пайызы жеткiзiлген болса, кейбір өңірлерде жағдай төмен. Мәселен, шілде айының 23-і күнгі мәлімет бойынша, Қостанай об­лысында оқулық жеткізу - 12,5 пайыз, Ақтөбе облысы - 18 пайыз, Шығыс Қазақ­стан облысы -12, Маңғыстау облысы - 38 пайыз, Қызылорда облысы -18 пайызды құрап отыр.

« Айқынның » бүгiнгi санында сырттағы қандастарымыздың тарихи отандарына қайтарудың түйткiлдерiне қатысты материал жарияланды.

"Сыртта жүрген қандастарымыз түпкілікті атамекеніне түгелдей оралмай, оралман мәселесіне нүкте қою мүмкін емес. Керісінше, басы сәтті басталған ұлы көштің соңғы жағы тым сиырқұйымшақтанып кеткені белгілі. Сәл кейінге шегінсек, сонау 1991 жылы желтоқсанда еліміз тәуелсіздік алған соң араға бірер апта салып, Елбасы сырттағы қазаққа «Дүниежүзіндегі қазақтың жалғыз Отаны - Қазақстан» деп сауын айтты. Атамекенге оралғысы келетіндерге есік ашық екенін ескертті. Содан бергі кезеңде атамекенге 1 миллионға тақау қазақ бет бұрды. Туған елмен қауышты. Бір қарағанда бәрі жақсы, бәрі оңды. Әлі де сыртта 5 миллионнан астам қандасымыз жүр. Олардың да атамекенге қаз­дай тізіліп келгісі бар. Алайда, ше­шілмей жатқан тірлік көп. Аза­мат­тық тұрмақ тіркеуге тұрудың өзі иттірлікпен жү­ретін шаруаға айналғалы қашан. «Өзім» деген қандасты өзекке тебетін болдық", - дейдi басылым « Елге ел қосылса - құт... » атты мақалада.

"Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова шетелден келетін қандастарымызға барлық жағ­дайлар жаса­латынын, олардың азаматтық алуына байланысты құқықтық кедергілер алынып тастала­тынын айтқан болатын. Бірақ «баяғы жартас сол жартас» қал­пында қалған сияқты. Пар­ламент депуттары «Көші-қон заңына» тездетіп өзгерістер ен­гізуі керек еді. Өкінішке қа­рай, олар қазақ үшін ең керекті заңды сағызша созып отыр. Неге? Не себепті? Шекара асып келген қандас­тарымызды осылайша, тең­селтіп қойған жайы бар. Оралмандар «Көші-қон» заңындағы «Келген мем­лекетiнен сотталмағаны туралы және келген мем­ле­кетiндегi азамат­тықтан шығу туралы тармақтар» сергелдеңге салып қойғанын жиі айтады. Егер де өзгеріске түсіп жатқан заңда осы тармақтар алынып тастал­са, азаматтық алуға мүмкін­дік­тер ашылар еді дейтін қандас көп. Бірақ ар­қаны кеңге салған депутат­тар асығар емес", - делiнген мақалада.

***

Семей шенеунiктерi жол құрылысы жұмысына салдыр-салақ қарайтын алақол мердiгерлерге ықпал жасаудың жолын тапты, деп хабарлайды ресми тiлде жарияланатын "Экспресс К" басылымы.

"Ендi жыл сайын жолды сапасыз жасап келгендер 10 тамызға дейiн жолды қайта салып шығулары тиiс, әйтпесе келесi жол жөндеу жұмыстарына қатыстырылмайды. Мәселен, былтыр Аймауытов көшесiнiң бiр шақырымы бюджетке 62 млн. теңгеге шыққан болатын. Бiрақ биыл жазда "миллиондардың" үстi жарылып, шұңқырлар қаптап кеттi", - делiнген "Одноразовые дороги" атты мақалада.

Газеттiң жазуынша, Семей әкiмi Ермак Сәлiмов жолдарға рейд жасап, мердiгерлерге қатаң ескерту жасады.

Соңғы жаңалықтар