Оқушының әскери қызметке деген түсінігі мектепте қалыптасуы тиіс – Альберт Бекмұханов

АСТАНА. KAZINFORM – Оқушылардың әскери қызметке деген алғашқы түсінігін мектеп табалдырығында қалыптастыру мақсатында Қазақстандағы білім ордаларында алғашқы әскери дайындық пәнінің жаңа стандарты енгізілді. 

Оқушының әскери қызметке деген  түсінігі мектепте қалыптасуы тиіс – Альберт Бекмұханов
Фото: видеодан алынған скрин

– Қорғаныс министрлігінің басты мақсаты – әскери қызметке деген көзқарасты мектеп кезінен қалыптастыру. Пәннің атауы 2017 жылы өзгертілгенімен, қазіргі бастапқы әскери дайындық сабағының бағдарламасында ешқандай өзгеріс жоқ. Тек сабақтың құрылымына басымдық берілген: жалпы 34 сағаттың 17 сағаты тікелей бастапқы әскери дайындық сабақтарына бағытталған. Кез келген адам теориялық тұрғыдан алған білімін практикалық, яғни оқу-далалық, лагерлік жиындар барысында қалыптастырады. Осы арқылы оқушылардың әскери қызметке деген алғашқы түсінігі мектеп табалдырығында қалыптасуы тиіс, - деді ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бағыт аға офицері Альберт Бекмұханов «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Жаңартылған қағидаларда Қарулы күштердің оқу процесіне қатысуы күшейтіледі. Бағдарламада оқу-далалық сабақтар көбейіп, әскери қызметшінің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері туралы практикалық түсіндірулер енгізілді. 

– Қорғаныс министрлігі әскери пән мұғалімдері мен бастапқы әскери дайындық оқушыларының теориялық және практикалық тұрғыдан алған білімін әскери қызметпен байланыстыруды көздеп отыр. Оқу барысында алынған теориялық білім практикалық жиындарда бекітіледі. Бұл болашақта әскери қызметке дайын, түсінігі қалыптасқан жастарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді, - дейді студия қонағы.

Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бағыт аға офицері жаңа талаптар кадр мәселесіне әсер етпейтінін айтады.

– Жаңа талаптардың енгізілуі кадр тапшылығын туындатпайды. Себебі бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан бастапқы әскери дайындық мұғалімдері өз қызметін әрі қарай атқара береді. Ал алдағы уақытта бұл лауазымға әскери қызметтен өткен азаматтар ғана тағайындалуы тиіс. Бұл өзгерістер мен толықтырулардың басты себебі – әскери өмірді өз көзімен көрген пән мұғалімдері ғана оқушыларды әскери қызметке дұрыс бағыттап, олардың қорқынышын жоя алады. Яғни, әскери тәжірибесі бар маман балаларға әскери өмірді нақты әрі түсінікті түрде үйрете алады, - дейді ол. 

Маман әскери қызметтің мүмкіндіктері мен артықшылықтарына да тоқталды.

– Бәрімізге мәлім, бүгінде ұлттық идеологиялық тұрғыда әлсіреп жатқан тұстарымыз бар. Сондықтан қазіргі жас азаматтардың әскери өмірге деген көзқарасын бір бағытта қалыптастыру қажет. Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабында көрсетілгендей: «Қазақстан Республикасын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы және парызы». Осыған сәйкес, жастардың патриоттық ынта-жігерін арттырып, әскерге баруға деген көзқарасты мектеп қабырғасынан қалыптастыру – басты мақсат. Сонымен қатар халықтың көпшілігі әскери қызметтің артықшылықтары мен мүмкіндіктерін толық біле бермейді. Қорғаныс министрлігі тарапынан әскери борышын өтеген азаматтарға ҰБТ-сыз жоғары оқу орнына түсу, кредит бойынша каникул беру сияқты бірқатар жеңілдіктер мен мүмкіндіктер қарастырылған, - деді Альберт Бекмұханов.

Еске сала кетейік, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әскери қызметшілердің рационына жылқы еті қашан қосылуы мүмкін екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар