Оқушының өліміне себепші болған күдікті дене шынықтыру мұғалімі қамауға алынды - Павлодар
ПАВЛОДАР. 2 маусым. ҚазАқпарат - Соттың санкциясымен Ә. Жүнісов есімді азамат 31 мамырда қамауға алынды, деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасы.
2011 жылдың 21 қыркүйегінде Павлодар ауданының Чернорецкое аулында мектептің жертөлесінде көз жұмған 11-сынып оқушысы Саша Дивиннің өліміне қатысты оның отбасы әділдіктің орнағанын көп күтті. Естеріңізге сала кетейік, мектептің дене шынықтыру мұғалімі Әліш Жүнісов оқушымен «тәрбиелік мақсатта» түсіндіру жұмыстарын жүргізбек болған. Оқушының қандай себептерге байланысты көз жұмғанын анықтау үшін, оны жерлемес бұрын 2 рет сараптама және кейін эксгумация жасалды. Сараптама нәтижесіне сәйкес, ол жүректің тұсындағы соққыдан қаза болған. Дегенмен бұл нәтиже күдіктіні жауапқа тартуға себеп болмады. Павлодар ауданының прокуроры полиция қызметкерлерінің күдіктіні қамауға алу жөніндегі қолдаухатын мақұлдамаған.
Енді бұрынғы шешімнің күші жойылып, облыстық прокуратура ҚР ҚК-нің 103 бабының 3 бөлімі адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру салдарынан абайсызда кәмелеттік жасқа толмаған Александр Дивиннің өліміне әкеп соққан факті бойынша ІІД тергеу басқармасында қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс жалғасу үстінде, тексеру амалдарының нәтижесі тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды, дегемен тексеру амалдарының аяқталуы қосымша хабарланатын болады.
Жүнісовтің жасаған қылмысының ауырлығына сәйкес, бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу жайында қолхаттан қамауға өзгертілді.