«Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені жылына 10 мыңнан астам адамды қабылдайды
БУРАБАЙ. KAZINFORM - «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің қызмет көрсетіп келе жатқанына бүгін 58 жыл толды. Әсем табиғат, саф ауа мен теңдесіз курортты аймақта орналасқан шипжайға жыл өткен сайын келушілер саны артып келеді. Осы ретте Бурабайдағы ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты «Оқжетпес» медициналық орталығы емдеу-сауықтыру кешенінің президенті Яков Стерлиговпен сұхбаттасып, аты аңызға айналған шипажай жұмысы туралы кеңірек білдік.
– Әңгімеміздің әлқиссасын «Оқжетпес» шипажайы қашан ашылды, содан бастасақ...
– Eurospa стандарты бойынша үздік деп танылған «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің іргетасы қаланғанына биыл 60 жыл, ал халыққа қызмет көрсетіп жатқанына 58 жыл толады. Шипажайдың тарихына келетін болсақ, 1965 жылдан жұмысын бастады. Бұл нысан туралы ауыз толтырып айта беруге болады. Дегенмен, «Оқжетпес» атауы шипжайға 1982 жылы жаңа жеті қабатты жайлы бөлмелері бар жатын ғимараты салынғаннан кейін берілді. Бүгінгі күні бұл атау емдеу-сауықтыру кешенінің брендіне айналды.
– Шипажай қандай қызметтер көрсетеді, жылына қанша адам келіп емделеді?
– «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені – жыл бойы қызмет көрсететін климаттық бальнеологиялық кешен. Қазіргі заманғы емдеу-диагностикалық базамен толықтырылған табиғи бірегей факторлар: қарағай орманының экологиялық таза ауасы, Балпаш сор көлінің емдік балшығы және Май Балық көлінің минералды суы, радонды терапия, қымызбен емдеу, «Құлагер – Арасан» минералды суы жүрек-тамыр жүйесі, тыныс алу мүшелері, тірек-қимыл аппараты, асқорыту, қан айналымы, эндокринді және жүйке жүйесі ауруларын, урологиялық және гинекологиялық ауруларды емдеуге және оңалтуға мүмкіндік береді.
Санаторийдің басты басымдықтарының бірі – көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру. Қазіргі уақытта «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені жыл бойы қызмет көрсетеді және нысанда демалушыларға арналған жайлы 125 бөлме бар. Шипажайда барлығы 242 персонал қызмет көрсеті, олардың барлығы өзі ісінің шеберлері. Жыл сайын шамамен 10 мыңнан астам адам сауықтыру демалысына келеді.
- Бұл кешенде кімдер емделе алады?
- Еліміздің кез келген азаматының біздің шипажайда демалуына болады. Сонымен бірге, шетелдіктер де келіп демалады, олар үшін бізде баға қолжетімді. Олар осында демалып қана қоймады, емделіп қайтады. Сол жағынан алғанда өте тиімді. Сол себепті, біздің шипажайды қонақүйлермен мүлдем салыстыруға болмайды.
- Ал осы шипажайдың денсаулықты оңалтудағы бірегейлігі неде?
- Біздің шипажайлардың артықшылығы қызмет көрсету бірегейлігінде. Келген адамдар өздерін дәл үйлерінде жатқандай сезінеді. Бұл – біздің қызмет көрсететін персоналдың кәсібилігі мен емдеу базасына байланысты, әрине. Біздегідей емдеу шаралары мен жабықтарды еліміздегі өзге шипажайлардан кездестірмейсіз. Сол жағынан алғанда, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені еліміз бойынша бірегей шипажай саналады.
– Бір адамның ғұмырындай тарихы бар «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің жетістіктері қандай?
– 2017 жылдың 27 шілдесінен бастап, Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасы медициналық орталығының емдеу-сауықтыру кешендері «Оқжетпес» брендімен бірыңғай желіге бірігіп, құрамына Бурабай курорттық аймағындағы «Оқжетпес», Алматы қаласындағы «Almaty Resort» және РФ Ессентуки курорт-қаласындағы «Қазақстан» шипажайы кірді. 2006 жылы Андоррда Дүниежүзілік сумен және климатпен емдеу федерациясының Бас Ассамблеясымен санаториялық-курорттық емдеуді ұйымдастырудағы жетістіктері және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының арасында белсенді ғылыми жұмыстары үшін «Оқжетпес» ЕСК-не «Әлемдегі ең үздік курорт» марапаты табыс етілді.
2011 жылы санаторий меншікті бұлақтың радонды суын пайдалану арқылы жаңа медициналық қызмет көрсету – радонды терапияны енгізді. 2012 жылы мамырда Лондонда (Ұлыбритания) Британ институты директорларының шешімімен біздің емдеу-сауықтыру кешені «Еуропалық сапа» халықаралық марапатқа ие болды. 2019 жылы «Үздік шипажай» марапатына ие болып, Қазақстан шипажайлары арасында алғаш EuroSpa сертификатына ие болған кешен бүгінде 13 оңалту бағдарламасы мен түрлі бағытта жұмыс істеп келеді. «Оқжетпесте» халықаралық стандарттарға сәйкес сапа менеджментінің жүйесі бар. 2014 жылы жыл сайын растайтын «4 жұлдызды қонақ үй» және «Жоғары сапалы мейрамхана» санатына сәйкестік сертификатын алды.
Өткен жылы Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені Ұлттық курорттық қауымдастығының шешімімен «Жылдың үздік шипажайы» атанды.
- Өзге емдеу-сауықтыру кешендерінен мамандар келіп тәжірибе алмаса ма, сондай-ақ қазіргі студент, ертеңгі мамандардың тәжірибеден өтуіне мүмкіндік бар ма?
- Біз еліміздегі ірі медициналық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста орнатқанбыз. «Алматы» шипажайы Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарымен, «Оқжетпес» шипажайы Астанадағы медициналық университет және жергілікті медициналық колледждермен жұмыс істейді. Студенттерінің бізде тәжірибеден өтуі үшін келісімшарт жасастық, сол себепті теориялық білімдерін тәжірибеде шыңдай алады.
– «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенін дамыту бойынша алдағы жоспарларыңыз қандай? Президенттің іс басқармасына қарасты шипажайлар желісін кеңейту ойда бар ма?
– Биыл бізде бөлмелерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарланған. Сонымен бірге, емдеу корпусын кеңейту және жаңа замануи жабдықтарын сатып алу жоспарда бар. Осы шаралар емдеу-сауықтыру бойынша қызмет сапасын арттыруға және емделушілер саулығына оң ықпал етеді деп үміттенеміз. Бұл – біздің басты мақсатымыз.
Иә, шипажайлар желісін кеңейту жоспарда бар. Қазіргі уақытта Қырғызстан Республикасындағы «Қазақстан» шипажайын жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Сонымен бірге, Сарыағашта шипажай салу немесе жаңарту жобасы жоспарланған. Осындай жоба Шығыс Қазақстан облысында да қарастырылып жатыр. Осы арқылы шипажайлар желісі кеңейе түседі.
– Әңгімеңізге рақмет!