Өлген мал иелері өтемақы алу үшін тек ресми комиссияға жүгінуі керек – АШМ

мал
Фото: ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин су тасқыны салдарынан өлген мал құнын өтеу алгоритмін түсіндірді.

Оның айтуынша, меншік иесін анықтау үшін малдың сәйкестендіру нөмірі (бирка, таңба және т.б.) дерекқорымен салыстырылады. Ал тіркелмеген жағдайда куәгерлерді тарта отырып, залалды өтеу жөніндегі комиссияның актісі толтырылады.

«Мал иелеріне өтемақы бюджет қаражатынан да, бюджеттен тыс көздерден де төленеді. Иелер жергiлiктi жердегi залалды өтеу жөнiндегi комиссияға өтiнiш жасауы тиiс. Барлық өтінімді жергілікті әкімдіктер құрған ресми комиссияларға ғана беру қажет. Сонда ғана өтемақы төленеді», - деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингіде.

Деректер жинаумен айналысатын әртүрлі штабтарға ұсынылған ақпарат төлем үшін негіз болып саналмайды.

«Қазіргі уақытта Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залал толығымен өтелді. Қостанай облысында бұл жұмыс басталып, бүгінгі таңда 268 мал басы бойынша төлем жүргізілді, басқа өтінімдер бойынша жұмыс жалғасуда», - дейді О.Тілебалдин.

Су тасқыны кезінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, ҚР АШМ жанындағы «жедел желіге» хабарласуға болады.

Жедел желі жұмысы 9.00-ден 18.30-ға дейін (7172)573358, 87470943381 нөмірлері бойынша істейді.

Сонымен қатар pavodki_kz_bot телеграмм-боты тәулік бойы жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар