Олигархтардан тәркіленген зергерлік бұйымдар аукционда сатылды

АСТАНА. KAZINFORM —  23 сәуірде E-Qazyna электронды платформасында бес бірдей зергерлік бұйым бойынша аукцион түріндегі сауда-саттық өтті. Бұл туралы Қайтарылған активтерді басқару компаниясы мәлімдеді.

«CARTIER LOVE»
Фото: viled.k

Сатылған зергерлік бұйымдардың қатарында қайтарылған активтер болатын «CARTIER LOVE» білезігі мен жүзігі, изумруд тасы бар сырғалар, аквамарин тасы бар жүзік, гауһар тасты алтын жүзік және інжу мен гауһар тастармен көмкерілген сырғалар бар.

Реализацияланған активтердің жалпы сомасы — 5 425 246 теңге.

— Зергерлік бұйымдарды сату азаматтардың әлеуметтік бастамаларды дамытуға саналы түрде қатысуының жарқын мысалы. Аукцион арқылы активтерді сатып ала отырып, әрбір қатысушы ел болашағына үлес қосады. Себебі түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға аударылып, маңызды қоғамдық жобаларды қолдауға жұмсалады, — деп хабарлады Қайтарылған активтерді басқару компаниясы.

Еске салсақ, 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы үш жылда елге 2 трлн теңгеден астам актив қайтарылғанын мәлімдеген еді.

Ал 14 сәуірде Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет меншігіне заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі комиссия отырысын өткізді.

Жиында шамамен 610 млрд теңге көлеміндегі активтердің қайтарылғаны айтылды.

Ұлытау облысында осы қайтарылған активтер есебінен 2025 жылы 11 нысан салынады.

Соңғы жаңалықтар