Өлім аузында жатқан оннан астам адамның өміріне араша түстім – жедел жәрдем қызметінің фельдшері

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Қатты ауырып, жанын қоярға жер таппаған адам ең бірінші «жедел жәрдем» қызметіне жүгінеді. Денсаулық сақшылары жылдың қай мезгілі болмасын, күн-түн демей шақыртуға жылдам жетіп, көмек көрсетуге әзір. Солардың бірі - осы қызметте 10 жылдан артық еңбек етіп жүрген маман Александр Корольков. Тәжірибелі маман кәсіби мереке – медициналық қызметкерлер күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

Өлім аузында жатқан оннан астам адамның өміріне араша түстім – жедел жәрдем қызметінің фельдшері
Фото: Александр Корольковтың жеке мұрағатынан

- Александр Геннадьевич, оқырмандарымызға өзіңізді таныстырып кетіңізші.

- Мен Қостанай облысының тумасымын, балалық шағым Арқалықта өтті. Петропавлда тұрып жатқаныма біраз жыл болды. Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің түлегімін. Кейін Орынбор қаласында медициналық білім алдым. Қазір магистратурада қоғамдық денсаулық сақтау бағыты бойынша оқып жатырмын. Отбасымда мен -алғашқы медициналық қызметкермін.

Медицина саласына 2010 жылы жұмыс істеуге келдім. Алғашқы жұмыс орным - сот-медициналық сараптама орталығы. Ол жерде бір жыл еңбек етіп, кейін облыстық жедел медициналық көмек орталығына фельдшер болып орналастым. Содан бері осы мекемеде еңбек етіп келемін.

Бұл салада бойыңда мейірім, адамгершілік қасиеттері болмаса, жұмыс істей алмайсың. Ал медицина қашанда сұранысқа ие, мұнда жақсы маман болу, халықтың алғысына бөлену, көп жағдайда өзіңе байланысты.


- Фельдшер мен дәрігердің айырмашылығы неде?

- Айырмашылығы алған білімінің өзгешелігінде ғана. Фельдшер орта медициналық білім иесі, медициналық қызмет көрсетуге сертификаты бар, ал дәрігерде жоғары медициналық білімі бар және аккредитациядан өткен. Фельдшердің міндеті – дәрігерге дейінгі алғашқы көмекті көрсету, дәрігер нақты проблема бойынша медициналық көмек береді. Шақыртуға келгенде фельдшер емдемейді, ол ауруды жеңілдетеді, симптомдарын алады, ал емдейтін дәрігер.

- Жедел жәрдем қызметінің мамандары жол-көлік апаттарына да барады, оқыс оқиғалардан жарақат алғандармен де жұмыс істейді, бұл үлкен психологиялық жүктеме, қалыпта болу үшін не істейсіз?

- Уақыт бізді шыңдайды, кәсіби деформация деген бар, адамның жеке қасиеттерінің оның кәсібіне байланысты өзгеруі. Оған ұрынбау үшін сабырлық танытам, адамға тек менің көмегім керек деп жұмысымды атқарамын. Әртүрлі жағдайлар кездеседі, сырқаттар қайтыс болып жатады, егер де оның әрқайсын ойлап, қайғыратын болсаң, сен әрі қарай жұмыс істей алмайсың. Біздің жұмыста эмоция артық. Әркімнің қорғаныш реакциясы бар, егер бәрін ішкі жан дүниең арқылы өткізетін болсаң, эмоционалды тұрғыда шаршайсың, бәрінен түңіліп кетуге болады. Психологиялық жүкпен әркім өзінше күреседі, мен үй мен жұмысты бөліп тастағанмын. Жұмыстағыны жұмыста қалдырып кету керек. Отбасыммен көбірек болуға тырысамын. Табиғат аясына шығып демалудың пайдасы көп, достарыммен жиі кездесеміз.


- Жұмысыңыздағы ең қиыны не?

- Өлім аузында жатқан адамның өмірі үшін күрес. Клиникалық өлім кезінде әр минут қымбат. Жарты сағаттың ішінде бетін бері қаратпасаң, қалған әрекетіңнің бәрі бекер. Осы аралықта бригаданың барлық мүшесі бар күшін салады. Жедел жәрдем қызметінде еңбек етіп жатқаныма 10 жылдан асты, осы аралықта оннан астам адамның өмірін құтқардым деп айта аламын, бірақ, өкінішке қарай, өлімге араша түсе алмайтын кездеріміз де болады.

- Бір тәулікте қанша шақыртуға барасыздар? Тұрғындар негізінен қандай аурулармен шақыртады?

- Бір тәулікте бригада орта есеппен 8-12 шақыртуға барады. Кейде 20 шақыртуға дейін баратын кездер бар. Негізінен созылмалы аурулары бар сырқаттардан шақыртулар түседі. Оқыс оқиғаларда жарақат алатындар да көп.

Өз тәжірибемде байқағаным, ауа райына қарай шақыртулардың түрі де өзгеріп отырады. Мысалы, өткендегі аптап ыстықтарда және жауынды күндері жүрек-қан тамыры ауруларына қатысты шақыртуларға көп бардық. Желді және бұлтты күндері ас қорыту жүйесі, көктем-күзде вирусты аурулармен шақырту көбейеді.


- Адамдар әртүрлі, бәрінің бірдей көңілінен шығу мүмкін емес. Сіздерге алғыс айтатын кездер көп пе, әлде қазіргі заманда жанжалмен қарсы алатындар басым ба?

- Жұдырық ала жүгіретіндер бар, қорқытатындар бар. Мұндайлар көбіне спирттік ішімдік ішкендер немесе есірткіге еліткендер. Жанжалды ушықтырмай басуға тырысамыз. Біздің қызметте психология бірінші кезекте тұрады. Әр сырқаттың бабын таба білу керек. Кейде, тіпті, адамға сөзбен де көмектесуге болады. Бұл, әсіресе, егде жастағы адамдарға қатысты. Қан қысымын өлшеп, жағдайын біліп әңгімелесуден-ақ олар өздерін жақсы сезіне бастайды.

Бір әже бізге күнде хабарласатын. Ол кісіде артериялық гипертония болды. Жасына байланысты үнемі ішуге тиіс препараттарды қабылдауға ұмытып кете беретін. Сол кісі біз барған сайын өзі шығарған өлеңдерін оқитын, оның ішінде өз өмірі жайлы, жоғалған жақсы көретін мысығы туралы, тіпті жедел жәрдем қызметі туралы да болатын.

Жалпы, көпшілік алғысын білдіріп жатады. Біз кеткеннен кейін 103-ке хабарласып, рахметін айтады, қазір әлеуметтік желінің заманы ғой, сонда жазып, көңілдерін білдіреді. Көбіне дастархан басына, асқа шақырады. Қолымызға болмай кәмпит, жеміс-жидек ұстатып жіберетіндер бар. Жұрттың алғысы бізге қанат бітіреді, құлшынысымызды оятады.


- Мәселен, өрт сөндірушілер бір-бірімен ешқашан қол алысып қоштаспайды екен, сондай-ақ кезекшілікке түскенде «құрғақ жең» тілейді. Ал сіздерде осындай бір ырымдар бар ма?

- Ең бастысы, тыныш түн және сәтті кезекшілік тілемеу. Өйткені, бәрі керісінше болады. Бахила мен медициналық қолғапқа қатысты да ырымдар бар, мәселен, даладағы шақыртуға медициналық қолғапты алдын ала киіп бару, мұндайда сырқаттың жағдайы ауыр болмайды, медициналық көмекті қажет етпейді, тіпті біз барғанша дейін өз аяғымен кетеді деп ырымдаймыз. Сондай-ақ, әркімнің өз ырымы болуы мүмкін, бірақ ол туралы айта бермейміз, жұмыс істемей қалуы мүмкін.

- Биыл 18 маусым – медициналық қызметкерлердің кәсіби мерекесі. Әріптестеріңізге не тілейсіз?

- Ең алдымен денсаулық, отбасы амандығы мен бақыт тілеймін. Өмірлеріңізде жақсы күндер көп болсын, атқарып жатқан еңбектеріңіз тиісінше бағасын алып, сіздерге қуаныш сыйласын. Медицинаға қатысы бар барлық мамандарға жанқиярлық еңбегі және төзімділік үшін тағзым етемін.

- Әңгімеңізге рахмет!