Олимп тауы, Нормандия жағажайлары және Ташкент ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитеті Олимп тауын әлемдік маңызы бар нысандар тізіміне енгізді. Сондай-ақ Нормандиядағы десант түсірген жағажайлары, Италияның тарихи театрлары, Ташкенттің заманауи сәулет ансамблі және басқа да ескерткіштер жаңа мәртебеге ие болды, деп жазады Euronews.
Шешім Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясында қабылданды.
Олимп тауы бірегей әмбебап құндылығы бар табиғи әрі мәдени мұра ретінде Дүниежүзілік мұра мәртебесіне ие болды. Грекия үшін бұл шешім нысанды ЮНЕСКО тізіміне енгізу жөніндегі көпжылдық жұмыстың нәтижесі болды.
Олимп — Грекиядағы ең биік тау. Оның ең биік шыңының биіктігі 2918 метрге жетеді. Ежелгі грек мифологиясында Олимп тауында Зевс бастаған 12 олимпиялық құдай өмір сүрген деп саналады. Тау тарихи және мәдени маңызымен қатар, биоалуантүрлілігімен, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерімен, сондай-ақ көптеген археологиялық ескерткіштерімен ерекшеленеді.
Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакис ЮНЕСКО шешімін ел үшін маңызды оқиға деп атап, Олимптің енді бүкіл адамзаттың ортақ мұрасы ретінде танылғанын және оны ерекше қорғау қажет екенін айтты.
Сол сессияда комитет Нормандиядағы одақтастардың десант түсірген жағажайларын да Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізді. Сарапшылар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен сақталған бекіністер, ұрыс қимылдарының іздері мен суға батқан кемелер бұл жердің тарихи маңызын айғақтайтынын атап өтті.
Бүкіләлемдік мұра мәртебесіне Жапониядағы ежелгі Асука және Фудзивара астаналары, Оңтүстік Судандағы әлемдегі құрлық сүтқоректілерінің ең ірі көші-қоны өтетін Бома-Бандингило табиғи өңірі, Италияның Марке өңіріндегі тарихи театрлар, Франциядағы Лангедок корольдік қамалдары, Финляндиядағы Алвар Аалтоның сәулет туындылары, Берлиндегі Целендорф елді мекені, Ирандағы Аламут қамалы, Сан-Томе және Принсипидегі тарихи плантациялар, сондай-ақ Ташкенттің заманауи сәулет ансамблі де ие болды.
Бұл шешім ЮНЕСКО-ның халықаралық қорғауындағы, бүкіл әлем үшін ерекше мәдени немесе табиғи құндылығы бар Бүкіләлемдік мұра нысандарының қатарын толықтырды.
Айта кетейік, Маңғыстаудың жартасты мешіттері (Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан Үпі) ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Шешім Пусан қаласында өткен Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясында қабылданды.