Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров: қазақстандықтардың қолдауын сезіндім
МИЛАН. KAZINFORM – Мәнерлеп сырғанаудан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров қазақстандықтарға алғыс айтты.
Миланда өтіп жатқан Олимпиада ойындарының марапаттау салтанатынан кейін спортшы БАҚ өкілдеріне шағын сұхбат беріп, отандастарына сәлемін жолдады.
— Шынымды айтсам, қолау өте керемет болды. Әсіресе трибунадағы қолдау маған ерекше әсер етті. Барлық экраннан тамашалаған және арнайы осында келген жанкүйерлерге, сонымен қатар әлеуметтік желіде қолдау білдіріп жатқан барлық қазақстандықтарға көп рахмет айтамын, — деді Шайдоров.
Сондай-ақ ол командамыздағы өзге де спортшыларға сәттілік тіледі.
— Дәл қазіргі сәтте не болып жатқанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Тек осы сәттен ләззат алғым келеді. Қазақстандық спортшыларға сәттілік тілеймін. Алдағы жарыстарға барып қолдау көрсетемін деп ойлаймын, — деді Олимпиада чемпионы.
Еске сала кетсек, Михаил Шайдоров араға 32 жыл салып, ел қоржынына қысқы Олимпиада ойындарының кезекті алтын жүлдесін сыйлады.