Олимпиада чемпионы қазақстандықтарды Конституция күнiмен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгiн Бурабайда өткен дәстүрлi веложарыс соңында Олимпиада чемпионы Александр Винокуров қазақстандықтарды Конституция күнiмен құттықтады.
"Конституциямыздың 20 жылдығы тамаша мереке. Күнi кеше ғана Астана әкiмiмен бiрге Конституция күнiне арналған дуатлон жарысына қатыстық. Барша отандастарымды осынау маңызды мерекемен шын жүрегiмнен құттықтаймын! Қазақстандықтарға тiлерiм - аспанымыз ашық болсын, береке-бiрлiгiмiз бұзылмасын. Ең бастысы - жарқын болашаққа деген сенiмдерiңiздi жоғалтпаңыздар. Және де спортпен шұғылданыңыздар. Күнiне бiраз уақыт жаяу жүрiп, велосипед тепкеннiң пайдасы болмаса, зияны жоқ",-дедi А.Винокуров.
Олимпиада чемпионы Бурабай курортының таза ауасын, тамаша табиғатын мақтап, туған жердiң топырағы ерекше күш бередi дейдi.
"Өз басым велосипед тепкенде ерекше қанаттанамын, терең ойларға батамын. Әсiресе, Бурабайдың таза ауасы, тыныштығы жанға ләззат сыйлайды. Бурабайға келiп, тамаша табиғатын тамашалап тұруға не жетсiн...",-дейдi спортшы.